Еліміз жыл сайын Құрбан айт мейрамын ұлан-асыр тойлап келеді. Бірақ биыл Тобыл жұртшылығы қасиетті Рамазан айынан кейін келетін Ораза айт мерекесін ерекше сән-салтанатпен атап өтті. Облыстық мешіттің ұйытқы болуымен Қостанайдағы «Махито» демалыс кешенінде ұйымдастырылған рухани шараға өңіріміздің барлық аудан-қаласы мен еліміздің бірқатар аймақтарынан арнайы келген қадірлі меймандардың қатары көп.
— Соңғы жылдары Қостанай аймағында руханият жағынан үлкен сілкіністер болды. Облыс орталығында сәні мен сәулеті жарасқан мешіт ашылып жатыр. Діни мерекелерді атап өтудің де артықшылықтары байқалады. Бұл да асыл дініміз бен ұлттық болмысымызды арттырудың бір көрінісі, — деген белгілі ұстаз, ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің бас маманы Сансызбай Құрбанұлы енді өңірде Тобыл өзенінің жағалауында дүйім жұрттың басын қосып, ұйымдастырып отырған Ораза айт мейрамы көпке үлгі боларлық әрі қызығарлық іс екенін жасырмады.
ҚМДБ Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола облысы бойынша өкіл-имамдары да ұлық мерекеге ақжарды тілектерін білдіріп жатты. Ал есімдері Алашқа белгілі қос айтыскер ақын Айбек Қалиев пен Елордадан арнайы келген Серікзат Дүйсенғазин сөз сайыстырып, кестелі жырға сусап отырған көпшілікті бір серпілтіп тастағанын айта кетейік. Замандастар бүгінгідей рухани күннің артықшылығын, еліміздің діни тұрақтылыған айналып өткен жоқ. Дегенмен олардың әдемі әзілдеріне жұрт қиқу салып отырды. Әсіресе, Айбек ақынның Серікзатқа қарап, «Біздің өңірімізге келген бас имамдарды көп ұзатпай Астанаға алып кететін әдеттерің бар. Ендігі кезек Бахытбек Тәжімбетке жетіп жүрмесін» деп қағытып өтті. Қарсыласы да қарап қалған жоқ: «Біз имамадарыңызды іскер, көпке абыройлы болған соң алып кетіп жатырмыз» деді.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша өкіл имамы Бахытбек Тәжімбет елдің ыстық ықыласына бөленген екі ақынға демеушілер атынан қос арғымақ мінгізді. Өткен Рамазан айында облыстық мешітте пайғамбар хадистерін жатқа айтудан сайыс өткен екен. Бас имам аталған жарыстың жүлдеді орын иегерлерін марапатсыз қалдырған жоқ. Ал көмекке мұқтаж З.Нұрғалиеваның отбасына және ұлты басқа болса да, ана тілімізді кеңінен насихаттап жүрген И.Хусайыноваға сый-сияпаттар жасалды.
— Бүгінгі сыйлықтың зоры – үлкен қажылыққа жолдама. Демеушілер атынан алдағы Құрбан айт мерекесіне орай, қасиетті Мекке қаласына мешітіміздің жамағаты Қайрат Қалабайұлы баратын болады, — деді Б.Тәжімбет.
Аймағымыз бен көршілес облыстардан келген өнерпаздар, ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай Академияның тыңдаушылары қойған әскери ұрыс жаттығуларынан көрініс, өңіріміздегі Түрік этно-мәдени орталығы «Горцы Ахыска» ансамблінің кавказ биі мерекелік шараның көрігін қыздырып әкетті. Демалыс кешенінің бір бөлігінде «Социум және мен» қоғамдық бірлестігі түрлі ұлттық спорттық ойындардан жарыстар өткізгенін айта кету керек. Ал мереке соңында барша жамағатқа дастархан жайылып, дұға бағышталды.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ
kostanaytany.kz