Ислам – адамзат атаулысының жаны көркем, тәні тазалықта болуын кеңінен насихаттайды. Оның ішінде адамның айналасы, қоршаған ортаның тазалығы да назардан тыс қалмайды.
Бүгінде ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкіл имамы Түсіпбек Асылхан қажы өңірдегі барлық мешіттердің ауласы мен жан-жағы уақыт талабына сай таза болуын үнемі назарда ұстайды. Барлық деңгейдегі имамдардан соны талап етеді. Осы орайда қалалар мен аудандарда сенбіліктерді өткізу дәстүрге айналды. Бұл маңызды бастама үстіміздегі жылы көктем басталғалы бері жандана түсті.
Қазіргі таңда Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінің ұжымы сәулеті мен сәні келіскен парасат ордасының айналасын көгалдандыру мен абаттандыру үшін қыруар жұмыстар атқарды. Жылдағыдай биыл да гүл көшеттерін отырғызатын орындар арам шөптерден тазартылып, өткен жылғы күзден бері жинақталып қалған жапырақтар тиісті жерлерге тасылды.
Осы орада, жалпы, аталған мешітте сенбілік жұмыстарынан басқа да кезек күттірмейтін тазалыққа байланысты жұмыстар қолға алынып, оған қызметкерлер тартылуда. Соның нәтижесінде бұл күндері мешіттің маңы сыпырылып, егілген гүлдерді суғару қолға алынды.
Облыстық мешітке құлшылық-ғибадатын жасауға келген әрбір жамағатқа Алла үйінің әсемдігі мен тазалығы жағымды әсер қалдырып, кейінгі өскелең ұрпақ үлгі-өнеге алуда.
Мұндай жұмыстар өңірдегі барша мешіттерде алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі