Үстіміздегі жылғы Наурыз мерекесінде ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкіл имамы Асылхан қажы Түсіпбектің тікелей бастамасымен, Қазақстан қажылар қауымдастығы Қостанай облысы бойынша филиалының төрағасы, облыстық «Зекет» қорының өкілі Жақсылық қажы Гайсинның ат салысуымен облыс орталығындағы №2 балар үйінде Ұлыстың ұлы күні аталып өтілді.
Онда тәрбие орнының оқушылары сыныптар бойынша топтарға бөлініп, халықтар достығы жайлы көріністі ұсынды. Әрбір топ Наурыз тойын тойлау рәсімін барынша ашып, өздерінің бұл жөнінде түсініктерінің мол екендігін дәлелдеді.
Сондай-ақ әрбір ұлттың өздеріне тән өлең-жырларын, салт-дәстүрлерін паш ететін шағын қойылымдар қойды, оның соңы үлкен концертке ұласты.
Осынау басқосуда облыстық «Марал ишан» мешітінің бас имамы Асылхан қажы Түсіпбек сөз сөйлеп, уағыз айтты. Балалар үйіне Әл-Фараби атамыздың суреті салынған кілемді сыйға тартты.
Мерекелік шара барысында дастархан жайылып, балалар үйінің тәрбиеленушелеріне, ұстаздарға бата беру рәсімі де көрсетілді. Онда ұжым атынан аталған жиынды ұйымдастырушыларға, яғни дін қызметкерлеріне игі тілектер айтылды. Алғыс хатпен марапатталды.
ҚМДБ – ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі