Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің ұйымдастыруымен ауыл имам-молдаларының аймақтық семинары болып өтті. Оған облыстық мешіттің найб имамдары, Арқалық қаласы мен Аманкелді, Жанкелді аудандарына қарасты ауыл молдалары, қалалық ішкі саясат бөлімінің теолог маманы қатысты.
Бұл семинардың басты мақсаты-ауылдық жердегі имам-молдалардың діни сауатын арттыру, ҚМДБ-ның тарапынан шығып жатқан пәтуалармен таныстырып, оны халыққа дұрыс жеткізе білу.
Семинарды Арқалық қаласының бас имамы Бектұрсын Уәлиев ашып, басқосудың негізгі мәнімен таныстырып өтті. Содан кейін облыстық мешіттің найб имамы Дархан Сыздықов сөз алып, барша қатысушыларға өкіл имам Бахытбек қажы Нұрғабылұлының игі сәлемдемесін жеткізіп, оларға жұмыстарында нәтижелі табыс тіледі.
Белгілі дін қайраткері осы басқосуда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен және Ғұламалар кеңесінің бекітуімен жарық көрген «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабының ерекше мазмұнымен таныстырды.
Осынау құнды еңбекте бүгінгі таңда аса өзекті болып отырған жаназа намазы, жерлеу рәсімдері мен қабір зияраты, құдайы ас пен садақа берудің әдебі жайлы жан-жақты айтылған.
Бұл кітапты шығарудағы негізгі міндет – еліміз бойынша діни рәсімдерді бір ізге келтіру, ысырапқа, шариғатқа қайшы әдеттерге жол бермеу екендігін баса айтты. Ондағы әрбір тарауға жеке-жеке тоқталды.
Сонымен қатар қазіргі таңдағы аса маңызды тәртіпті сақтау, басшыға бағыну секілді өзекті тақырыптарда да әңгіме қозғап, ғибратты тәмсілдерін жүректерге жеткізе білді.
Жиын соңында имам-молдалар қозғалған тақырыптарға байланысты өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, ойларын ортаға салды.
Семинарды «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Б.Торғайбайұлы қорытындылады. Басқосуға қатысқан ауыл имамдарына алдағы уақыттағы жауапты қызметтерінде табыс тілеп, мешіттерді нағыз парасат және рухани ордаға айналдыруы қажеттігін айтты.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі