Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінде аймақтық құран жарысы болып өтті. Аталмыш сайысқа Амангелді және Жангелдин аудандарынан да талабалар қатысты.
Сайыс 30-шы парадан, сондай-ақ 15 және 25 сүре аралығында болды. Бұл жарыста 9-25 жас аралығындағы 32 талапкер бағын сынады.
Осынау тәрбиелік мәні ерекше іс-шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек Нұрғабылұлы, Қостанай қалалық және Аманкелді аудандық мешіттерінің имамдары Шоқан Ғазизұлы мен Жандарбек Мубаракұлы құрметті қонақ ретінде қатысты.
Сайыс өте тартымды өтті. Жарыстың қорытындысы бойынша бір парадан 9 жасар Көбехан Қалмырзаев, 25 сүреден Амандық Абдраев, 15 сүреден Нариман Нуридинов көзге түсіп, жүлдеге ие болды.
Сондай-ақ мұнда үш орынға ынталандыру марапаты белгіленді. Жалпы, 9 сайыскерге ақшалай және заттай сыйлықтар табыс етілді.
Аталған мешіттегі ұстаз Арлан Бауыржанұлының шәкірттерді Құран жарысына дайындап және оны өткізудегі еңбегін ерекше атап өткен жөн. Бұл күндері осы жердегі сауат ашу курсында 48 адам дәріс алуда.
Сондай-ақ мұндай сайыстар жастарымыздың рухын көтеріп, алға қарай ұмтыла түсуіне тигізетін ықпалы ерекше – дейді, тағылымы мол іс-шараны ұйымдастырушы, іскер азамат, мешіт имамы Бектұрсын Торғайбайұлы.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі