Ұлық мереке Құрбан айт алдында бас мүфти әлеуметтік желіден түспейтін мұсылмандарға сойылған малдың қасында тұрып селфи жасамауын өтінді. Бұл жайлы Ержан қажы Малғажыұлы баспасөз маслихатында мәлімдеді.
“Өзінің істеп жатқан игі амалы мақтан үшін болмауы керек. Бейнетаспаға түсіріп, елге көрсеткені бір мақтан үшін болып кетеді. Сіз біреуге садақа берсеңіз де оң қолыңыз білсе, сол қолыңыз білмеуі керек”, – деді бас мүфти Ержан қажы Малғажұлы.
Биыл айт намазы Алматы жұрты үшін таңғы 7:30 оқылса, елордалықтар 7:45-те бастайды. Ал құрбандық шалу үшін бұл екі шаһардың өзінде мал соятын 29 арнайы орын дайындалған. Ол жерлерде тіпті қасапшыларға дейін тренингтер өткізіліп, малды мұсылмандық жолмен сою ережелері түсіндіріліп жатыр екен.
Мүфтиат мал бағасын да кәсіпкерлермен келісіп қойды. Яғни, Құрбан айтта сатылатын қойдың бағасы 30 мыңнан аспауы тиіс.
Айта кетерлігі құрбандыққа бір жасар қой, екі жасар сиыр, бес жасар түйе шалынады. Сойылатын мал арық, ақсақ, соқыр, шұнақ болмауы тиіс.