Шаһар басшысы Базыл Жақыптың бұл сауапты ісі өзгелерге жұғысты болғай
Қостанай қаласының әкімі Базыл Шамұқанұлы Жақыпов тек ел ықыласына бөленген басшы ғана емес, өз ана тілі, ежелден келе жатқан салт-дәстүріміз бен ислам дініне де құрметпен қарайтын азамат.
Осы сөзіміздің нақты дәлелі ретінде ол жуырда 9-шы шағын аудандағы Шоқан қажы Әмірханов басқаратын мешітте биылғы қасиетті Рамазан айында ораза ұстаған қауымға ауызашар берді.
Мешіт асханасына халық көп жиналды. Жұртшылық алдында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек қажы Тәжімбет сөз сөйлеп, шаһар басшысының бұл сауапты ісі өзге бауырларымызға өнеге болсын дей келе, оған шын жүректен шынайы алғысын білдірді.
Өмір көрген ақсақалдар қала әкіміне ақ батасын беріп, оған алдағы уақытта ел игілігі жолындағы жауапты қызметінде толағай табыс, деніне саулық, отбасына ырыс-береке тіледі.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі