Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазреттің бұйрығы негізінде Қостанай облысының бірқатар мешіттерінде жаңа тағайындаулар болды.
Мәселен, Лисаков қаласындағы «Әс-Салам» мешітіне Сабыржан Есмурзин тағайындалды. Ол осыған дейін Жітіқара ауданы «Ержан Тәтішев» мешітінің бас имамы қызметін абыроймен атқарған.
Ал Жітіқара аудандық мешітіне Мейіржан Бердіғожин бас имам болып тағайындалды.
Сонымен қатар Лисаков қаласындағы «Әс-Салам» мешітінің бас имамы қызметін атқарған Серік Рахым Қарабалық ауданы «Ғашура ана» мешітінің бас имамы лауазымына кірісті.
Облыс орталығына жақын орналасқан Рудный қалалық «Нұр» мешітіне найб имам болып қызметін бастаған Қаип Сағандықов та жұртшылыққа таныстырылды.
Мұндай кадрдық өзгертулер ҚМДБ-ның бекіткен Ережеге сәйкес жүзеге асырылды. Аталмыш дін қайраткерлерінің қай-қайсы да өз саласын жетік білетін білікті мамандар. Оларға жамағаты алғыстарын білдіріп, ақсақалдар батасын берді.
Барша тағайындалған азаматтарға алдағы уақытта да жаңа қызметтерінде абырой мен жеміс тілейміз.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің
баспасөз қызметі