Бас имам үлгі көрсетті
осындай сенбіліктер облыстың барлық мешіттерінде жалғасын табады
Қостанай еліміздегі шырайлы қалалардың бірі. Оның осындай сұлу да ажарлы болуына біздің жерлестеріміз де өздерінің лайықты үлестерін қосуда. Осының нақты дәлелі ретінде жуырда облыстық Марал ишан мешітінде сенбілік ұйымдастырылды.
Оған аталған киелі орында апталық семинарға келген өңірдегі барлық аудандар мен қалалардың имамдары және облыстық мешіттің қызметкерлері қатысып, ұйымшылдықтың нағыз үлгісін көрсетті. Олардың біреулері қолдарына сыпырғы алса, енді біреулері жиналған қоқыстарды зембілге салып, тиісті жәшіктерге салып жатты.
Мына суретте бейнеленгендей, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, осы сенбіліктің арқасында мешіттің айцналасы айнадай жарқырап шыға келді. Жиналған дін қызметкерлерінің бәрі де ортақ іске өздерінің қомақты үлестерін қосты.
- Жалпы Ислам діні тазалықты ұнатады. Ал мешіт қашанда өзінің ұқыптылығымен, тазалығымен даралануға тиіс. Өйткені, бізге келген мұсылман бауырларымыз осындағылардан үлгі алады. Сондықтан да жылда сенбілік кезінде белсенділік танытып отыруды өзіміздің парызымыз санаймыз.
Облыстың бас имамы Асылхан Түсіпбек өте талапшыл да іскер азамат. Осы сенбілікте оның өзі бас болып, әріптестеріне өнеге көрсетті. Алдағы уақытта да осындай тазалық жолындағы жарқын істер жалғасын таба береді деген үміттеміз.
Марал ишан мешіті облыс орталығындағы өзіндік тарихы бар сұлу ғимараттардың бірі. Осылайша біз өзіміз ғұмыр кешіп жатқан қаламыздың бұдан да көркем де ажарлы бола түсуіне үлесімізді қоса береміз,-дейді облыстық Марал ишан мешітінің наиб имамы Дархан Сыздыков.
Имамдар біліктілігін көтерді
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы еліміздегі барлық деңгейдегі имамдардың біліктілігі мен білімі өздерінің атқарған қызметтеріне сай болу жағына айрықша назар аударып отырғаны белгілі.
Бас мүфтидің осы талаптарын басшылыққа алған облыстың бас имамы Асылхан Түсіпбек те өңірдегі әріптестерінің уақыт талаптарына орай білімдерінің терең, ой-өрістерінің биік болуына жете көңіл бөлуде.
Осы сөзіміздің нақты бір дәлеліндей облыстық Марал ишан мешітінде бір апта бойы қалалар мен аудандардың имамдарының біліктілігін арттыру мақсатында семинар өткізуге тікелей ұйытқы болды. Ол өзінің нәтижесінде берді. Имамдар көп жайды көңілге түйді. Өзекті мәселелерге байланысты лекциялар тыңдады.
Семинар барысында Құран, Ақида, Хадистану, Фиқһ негіздері пәндері бойынша дәріс оқылды. Мұнда Түркиядан келіп, біраз жылдардан бері қызмет атқарып келе жатқан білікті ұстаз Нұх Темиржі, Дархан Манарбекұлы имамдардың білімдерін тереңдетуге өздерінің ықпалын тигізді.
- Облыстық мешіттегі семинар жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Сондықтан Асылхан Түсіпбек бастаған барлық дін қайраткерлеріне айтар алғысымыз шексіз,- деді Меңдіқара аудандық Зұлқарнай Мұса қажы мешітінің имамы Ерік Ыбырай.
Алдағы міндеттерді пысықтады
Қостанай облыстық Марал ишан мешітінде Асылхан Түсіпбектің төрағалығымен өткен жиында өңірдегі барша имамдардың таяу кездері атқаратын жұмыстары жан-жақты пысықталды. Онда бас имам оны жан-жақты талдап, түсіндірді.
Қазіргі уақыт талабына сай алдағы уақытта облыстық Марал ишан мешітінде аудан және қала имамдары сараптамадан өтеді. Соған дайындық жайы кеңінен сөз болды.
Сондай-ақ үстіміздегі жылы еліміздегі діни оқу орындарын аяқтап,жолдамамен келетін түлектерді қызметке тағайындау мәселелері де айтылды.
Сонымен қатар алдағы күз айларында Қазақстандағы діни білім беретін институттар мен медреселерге оқуға баратын шәкіттер әзірлеу жайы да әңгіме арқауына айналды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша баспасөз қызметі