Бүгін ҚМДБ Қажылық Миссиясының төрағасы, наиб мүфти Серікбай қажы Ораз қажылық компанияларымен өткен кездесуде еліміздің қажыларын тасмалдау мәселелері оңды шешімін тауып, ондағы қызметтің жүйелі жолға қойылғанын жеткізді.
«Қазақстан тарапынан белгіленген SСAT әуекомпаниясының қажыларды тасымалдауға қатыса алмауына байланысты Flynas әуекомпаниясы еліміздің қажыларына толықтай қызмет көрсетеді. Биыл еліміздің қажылары үшін Flynas әуекомпаниясының 375 адамды құрайтын Airbus 330, 300 жолаушыға арналған Boeing 767 және Boeing 757 (210 адам) маркалы ұшақтары бекітілді. Бұл бастама қажыларымызға қызмет көрсету сапасын арттыру жұмыстарына ықпал етеді», – деді ҚМДБ Қажылық Миссиясының төрағасы, наиб мүфти Серікбай қажы Ораз.
Басқосуға қатысқан қажылық компаниялары өкілдері де бұл бастаманың қажылар үшін оңтайлы жағдай туғызып отырғанын айтты. Бүгінде Алматы қаласынан Меккеге таяу орналасқан Жидда шаһарына дейін ашылған тікелей рейс қажыларға уақыт пен қаржы үнемдеуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бүгінде Flynas халықаралық әуекомпаниясы әлемнің көптеген елдерінен қажылар тасымалдайды. Атап айтқанда, Индонезия, Малайзия, Үндістан, Балтық жағалауы елдері, Африка, Орта Азиядан Тәжікістан, Қырғызстан, Қазақстан қажыларына қызмет көрсетеді.
ҚМДБ баспасөз қызметі
muftyat.kz