Бүгін де білімдінің күні жарық, білімсіздің күні қараң. Ешқандай байлықпен бағаланбайтын осынау құндылықтың тереңіне бойлай түскен сайын өзіңнің әлі де болса білгеніңнен білмейтінің көп екеніңді түсінгендей боласың.
Имам Ғазали: «Пайдалы біліммен шұғылдану басқа істерге қарағанда әлдеқайда жақсы. Пайдалы білім – дүниенің жамандығын, ахиреттегі жағдайдың қауіптілігі мен қорқыныштылығын түсіндіретін білім. Дүниеге беріліп, ахиреттен бет бұрған адамдардың надандығы мен ақымақтығын, олардың бойындағы өркөкіректік, екіжүзділік, атаққұмарлық пен дүниеге құштарлық сияқты жүрек дерттерінің дауасы не екендігін білдіретін білім – пайдалы білім»,-деген екен. Негізінен мұсылман баласы жан-жақты болып, екі дүниесіне де қажетті білім көзінен сусындағаны абзал.
Асыл дініміз Ислам – ілім үйреніп, ғылымға талпынуды адам баласының негізгі міндеті деп насихаттаса, дана халқымыз: «Білекті бірді жығады, Білімді мыңды жығады»-деп білімнің үлкен күш екендігін паш етпей ме...
Міне, осы орайда Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінде сауат ашу курсының ұстазы, мешіттің найб имамы Арлан Бауыржанұлы мен Рудный қалалық мешітінің ұстазы Саят Серікұлы бірлесе отырып, өз шәкірттері арасында алғаш рет «Білім сайысын» ұйымдастырды.
Жақында Арқалық қаласында болған Рудныйлық шәкірттер мешітте алған дәрістері бойынша сайысқа түсті. Атап айтар болсақ: шариғаттағы қырық фарыз аясында, құран аяттарын көркемдеп жатқа оқу және ақида (иман негіздері) пәндерінен болды. Сайыс қызықты әрі тартымды өтті.
Шәкірттер өзара сұрақ-жауапқа келгенде кімнің қандай дәрежеде екендігі өздеріне айқын сезілді. Бұл кездесуде екі қаланың шәкірттері тек сайысқа түсіп қана қойған жоқ. Өзара сұхбаттасып, бір-бірімен етене жақын араласып, бауырмалдық сезімдерін де нығайтты десек артық айтқандық болмас. Жарыс арасында шәкірттерге тәлім-тәрбиелік мазмұнда әдептілік, көркем мінезділік уағыздары айтылды. Сондай-ақ «Ислам – экстремизм мен терроризмге қарсы» атты тақырыпта еліміздегі жалпы жалпы діни ағымдар жайлы теолог маман Әсет Бауыржанұлы әңгімеледі.
Сайыс аяқталған соң шәкірттер бой сергіту мақсатында қалалық «Жігер» спорт залында, спорттық ойындарға қатысты және қалалық мұражайларға саяхат жасады. Екі қаланың шәкірттері көп жайды көңілге түйді. Ал, ұстаздары болса, өзара тәжірибе алмасты.
Арқалықтық мешіт ұжымының қонақжайлылығына дән риза болған рудный мешітінің ұстазы С.Серікұлы өз алғысын білдірді.
Мұндай білім сайысын өткізу тек қана білім жарыстыру емес, екі жақтағы шәкірттер арасында ынтымақ-бірлікті нығайту, теріс ағымдардан барынша сақтану.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша баспасөз қызметі