Дініміз әрбір мұсылман баласын қайырымды болуға үндеп, қайырымдылық жасауға шақырады. Шынайы пайдасы бар амалмен айналысуға насихаттайды. Қайырымдылық адамгершілік қасиетінің ең ізгі бастауы. «Жанашырлыққа — жан риза» дегендей аз қамтылған, қамқорлыққа зәру жандардың қамқоршысы болу, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске ат салысу – «мен мұсылманмын» деген әр адамның азаматтық парызы.
Осы орайда Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешіт ұжымы, қала орталығындағы «мүмкіндігі шектеулі балалардың түзеу мектебіне» әрқашан қол ұшын беріп, қайырымдылық танытуда.
Таяуда қалалық жасөспірімдер театрында аталмыш мектеп ұстаздары «Жүректен жүрекке» атты қайырымдылық акциясын өткізді. Мұндай сауапты әрі игілікті іске мешіт имамдары да қарап қалмастан өз мүмкіндіктеріне қарай қаржылай көмек беріп, қайырымдылық жасады.
Өткізілген шараға мешіт имамы Бектұрсын Уәлиев арнайы қатысты. Мүмкіндігі шектеулі балалардың өнерін тамашалап, түзеу мектебінің тәрбиешілеріне қажымас қайрат, еңбектерінің жемісті де табысты болуына өз тілектестігін білдірді.
Сондай-ақ жиналған көпшілікке дініміз Исламдағы қайырымдылықтың зор сауаптылығы жайында айтып, қоғамымыздағы әсіресе осындай көмекке мұқтаж жасөрендерімізді жан-жақты қолдауға шақырды. Мүмкіндігі шектеулі балалардың түзеу мектебінің директоры Алмас Қалтайұлы Карбозов мектеп-ұжымға жанашырлық танытып, қолдау білдіргені үшін деп мешіт имамы Б.Торғайбайұлын арнайы алғыс хатпен марапаттап, шынайы ризашылығын жеткізді.
О. Жақсанов