Ұлы Пайғамбарымыз Мұхаммедтің туған күні, яғни Мәуліт мерекесі Қостанай өңірінде де жылда жоғары деңгейде өткізіліп келеді. Оны ұйымдастыруда аудандар мен қалалардың имамдары да жоғары саналылық пен іскерлік танытуда.
Жергілікті мұсылман қауымы да жыл сайын бұл мерекені асыға күтеді. Өйткені оның кейінгі жастарға да берер тағылымдық-тәрбиелік маңызы ерекше. Сондықтан биыл да аталмыш мейрамға қандастарымыз жан-жақты әзірлікпен келді.
Осы сөзімізге нақты мысал ретінде жуырда ғана облыс орталығымен іргелес жатқан Қостанай ауданының орталығы Затобол кентіндегі «Алтын дән» мәдениет үйінде өткізілген Мәуліт мерекесін атап өткеніміз жөн.
Оған «Маңдай батыр» мешітінің бас имамы Азамат қажы Серікбайұлы мұрындық болды. Оны жергілікті іскер азаматтар қолдап, өнерпаздар өздерінің өнерлерін көрсетті.
Жиналған қауымды осынау дәстүрге айналған мейраммен Қостанай ауданының әкімі Тәуба Исабаев шын жүректен құттықтап, оларға алдағы уақытта да мықты денсаулық, отбасына бақыт тіледі.
Осы айтулы күнді өткізуге мұқият көңіл бөліп, имамға қолдау көрсеткен ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкіл имамы Асылхан қажы Түсіпбек барша мұсылмандарға Мәуліт мерекесінің мән-маңызын түсіндірді. Оның ғибраттық жағына айрықша көңіл бөліп, қой жылы барша жамағатқа тек молшылық, ізгілік әкелсін деген ең ізгі лебізін білдірді.
Мұндай мерекелер қалталы әрі жанашыр азаматтардың көмегінсіз болмайтындығы белгілі. Сондықтан басқосуда аудандық мешітке тұрақты қамқорлық жасап, нағыз демеушілік жасап келе жатқан бірқатар азаматтарға Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Ілияс Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері талғампаз жұртшылыққа екі сахналық қойылымды көрсетіп, олардың құрметіне бөленді. Облыстық балалар үйінің өкілдері арнайы келіп, өздеріне тұрақты назар аударып, жоғары адамгершілік қасиеттермен ұл мен қыздардың ерекше ілтипатына ие болған облыстық Марал ишан және Қостанай аудандық «Маңдай батыр» мешітінің бас имамдары Асылхан Түсіпбек пен Азамат Серікбайұлына да ризашылықтарын білдірді.
Қос дін қайраткеріне Алғыс хаттар тапсырылды. Бұл да болса аты-жөндері аталған имамдардың «Жетім көрсең, жебей жүр» деген қағиданы берік ұстанып, балалардың арасында үлкен беделге ие болғандығын айғақтаса керек.
Сондай-ақ мерекеде аудандық «Маңдай батыр» мешітінде жұма намазы алдында шәкірттер Мәуліт және Салауаттар оқуда әбден шыңдалып, білімдері тереңдеп келе жатқандықтарын айқын дәлелдеді.
Міне, осылайша бұл мереке барлық қонақтар мен жиналған қауымға үлкен ой салды. Олардың Ұлы Пайғамбарымыз Мұхаммедке деген құрметтерін бұрынғыдан да арттыра түсті.
ҚМДБ – ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі