Жуырда Қостанай облысы әкімінің бұйрығы негізінде Дін істер басқармасы басшысы болып Үмбетов Жанболат Жұмабайұлы тағайындалған болатын.
Осыған дейін Жанболат Жұмабайұлы облыстағы тілдерді дамыту басқармасы басшысы лауазымында бірнеше жыл қызмет атқарған.
Ол облыстық дін қызметкерлерімен танысу мақсатында мешітімізде арнайы келді. Танысу барысында Қостанай облысы бойынша өкіл имам Бахытбек Нұрғабылұлы атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып өтті. Сонымен қатар алдағы жоспарлар мен келе жатқан қасиетті Рамазан айына дайындық туралы сөз қозғады.
Сонымен бірге өткен жұмада Торғай аймағы бойынша жауапты имам Бектұрсын Торғайбайұлы жұртшылық алдында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы Бас мүфтидің бұйрығына негізінде «Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің түлегі – Әмірхан Рүстем Исламұлын «Оспанқожа әулие» мешітіне бас имам болып тағайындалғандығын жеткізді.
Жамағатқа жаңа имамды таныстырып, оған асыл дінімізді өркендетуде қызметінде табыс тіледі. Осыған дейін бас имам қызметін атқарған Аян Сәбитбекұлының жұмысына шынайы алғысын білдіріп, иығына шапан жапты. Сондай-ақ Рүстем Исламұлы Аян мешіт жамағаты атынан кәсіпкер Аманкелді Бегалыұлының берген автокөлігін сыйға тартты.
Жұма намазынан кейін ауданға қарасты ауыл молдаларымен де мәжіліс өткізілді. Жүздесуде ауыл намазханаларының іші-сыртын тазалау және алдағы Рамазан айына әзірлік жұмыстарын жан-жақты жүргізу тапсырылды.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі