Құрметті бауырлар!
17 шілдеде басталатын Ораза айт мерекесіне аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мадақтар болсын. Барша халықты мұсылман қауымының ұлық, қастерлі мерекесі – Ораза айт мейрамының басталуымен құттықтаймын. Айт мүбәрак болсын, ағайын!
Қасиетті Рамазан айының аяқталғанын білдіретін Ораза айт – мейірімділіктің, игіліктің, бірліктің, ізеттіліктің, қайырымдылықтың мерекесі. Бұл мейрам барша халықты ізгілікке ұйытады.
Кеңпейіл, бауырмал, қонақжай, дарқан мінезді мұсылман халқымыз Ораза айтты ерекше атап өткен.
Биыл еліміздің мұсылмандары да қасиетті Рамазанда ауыз бекітіп, шарапаты мол айда жасалған ізгі іс-шараларымызға атсалысты. Мешіттерімізде ауызашарлар мен қайырымдылық акциялар өтті. Тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына көмек көрсетілді. Сауабы теңдессіз осынау жақсы істерге үлес қосқан отандастарыма «Алла разы болсын» айтамын.
«Айт» сөзі «қарымта» деген мағынаны білдіреді. Жаратушы иеміз әрбір ізгі амал мен игілікті істің сауабын беріп, мейірім-шапағатын төгеді. Ораза айт – бір ай бойы ораза ұстап, ықыласпен жақсылық жасаған адамның құрметке, марапатқа ие болатын кезі. Алла баршамызды мол сауапқа кенелген құлдарының қатарына қосуын тілеймін.
Айт күнінде толық жуынып, жұпар иіс себініп, жамағатпен айт намазына қатысудың сауабы ерекше. Айт намазына барудың алдында құрмадан дәм тату – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) сүннет амалы.
Ағайын-туысты, көршілер мен өзге ұлт өкілдерін ортақ мерекемен құттықтап, жылышырай танытып, тілеулестік білдіру де игі амал.
Қадірлі ағайын!
Барша отандастарымды Ораза айттың құрметі үшін бір-бірімізді кешіріп, өзара татулығымызды нығайтып, әуелі Алланың, ата-анамыздың құрметі мен ризалығына бөленуге шақырамын.
Алла Тағала ұстаған оразаларымызды, дұға-тілектерімізді қабыл еткей! Халқымыздың бірлігі мен ынтымағы артып, Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, Елбасы бастаған егемен еліміздің болашағы баянды болғай!
Ораза айт құтты болсын!
Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти.