Қазақ «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» дейді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Асылхан қажы Түсіпбектің тікелей мұрындық болуымен талай игі шаралар өткізіліп, аудандар мен қалалардағы әріптестеріне өнеге көрсетуде.
Осы сөзіміздің нақты дәлелі ретінде жуырда Қостанай ауданының орталығы Затобол кентіндегі «Астана» спорт сарайында Наурыз мерекесі қарсаңында жастар арасында футболдан жарыс ұйымдастырылды.
Оған облыстық «Марал ишан», Қостанай аудандық «Маңдай батыр» мешіттерінен екіден, Қостанай және Рудный қалалық мешіттерінен бір командадан қатысып, бақтарын сынады.
Жарыс өте әсерлі өтті. Бұл футбол сайысын ұйымдастыруға «Маңдай батыр» мешітінің бас имамы Азамат Серікбайұлы да өзінің лайықты үлесін қосты.
Осынау «Астана» спорт сарайында өткізілген бас қосуда облыстың бас имамы Асылхан қажы Мұханбетжанұлы жиналған жамағатқа тағылымы мол уағыз айтты. Баршаны алдағы келе жатқан Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтап, әрбір шаңыраққа ырыс береке, молшылық тіледі.
Жарыс соңында жеңімпаздарға лайықты құрмет көрсетіліп, оларға сыйлықтар тапсырылды.
ҚМДБ – ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі