Ұмытылмас тағылымды жүздесулер немесе Республикалық ақпараттық-насихат тобы Қостанай өңірінде болды
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Маямеров жалпы діни ағарту жұмыстарына айрықша назар аударып жатқаны белгілі. Оның нақты нәтижелері де қалың жұртшылыққа аян.
Осы мақсатта үстіміздегі жылдың наурыз айының алғашқы жартысында аталған басқарманың жанынан құрылған Республикалық ақпараттық- насихат тобы Қостанай облысында болды. Оларға облыстың бас имамы Асылхан Мұханбетжанұлы жұмысты алаңсыз атқарулары үшін қолайлы жағдайдың бәрін де жасады.
Аталмыш топтың құрамындағы Нұрмухаммед Иминов пен Жасұлан Жүсіпбеков өздерінің алғашқы жүздесуін облыстық «Марал ишан» мешітінде жамағатпен кездесуден бастады. Жиналған қауым қос дін жолында жүрген азаматтың уағыздарын ұйып тыңдап, көп жайды көңілге түйді.
Содан кейін олар Қостанай қаласындағы УК-161/2 түрмесінде жазасын өтеп жатқандармен жүздесті. Онда «Экстремизмді, терроризмді Ислам діні қолдамайды» деген тақырыпта әңгіме өрбітті. Басқосуда тағылымды әңгімелер айтылды.
Сонымен қатар, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде қос тілде ұйымдастырылған жиынға еліміздің болашағы студент жастары қатысты. Мұнда әңгімеге негізінен «Ұлтаралық-дінаралық татулық» тақырыбы өзек болды. Кәзіргі таңдағы аса маңызды мәселе жұртшылықтың дүниетанымдарын кеңейтуге өзінің ықпалын тигізді.
Осы аталғандармен қатар облыс орталығымен іргелес жатқан Қонай ауылындағы вахаббистік бағыттағы азаматпен кездесудің де тәрбиелік жағы мол болғандығы даусыз. Онда РАНТ мүшелері «Мазхаб ұстанудың ерекшелігі» жөнінде тебірене сөз сөйледі.
Топ мүшелері облыс орталығындағы көрермендерге белгілі «Алау», «Қазақстан - Қостанай» телеарналарында сөйлеген сөздері де жергілікті халық ұзақ уақыт ұмытпайтындай деңгейде ұйымдастырылды. Онда «Адал өнім» және «Дінаралық татулық, елдің бейбітшілігі» жайлы сөз қозғалды.
Сондай –ақ облыстық «Марал ишан» мешітіндегі «Пайғамбарымыздың сүннет жолы», «Фитна шығару дінде тыйым салынған» тақырыптарындағы уағыздарда аса тартымдылығымен көпшілікке ой салды.
Кеңшілер шаһары яғни, Рудный қалалық «Нұр» мешітіндегі және Қостанай облыстық ішкі істер департаменті қызметкерлерімен ұйымдастырылған «Сүннет ораза ұстаған мұсылманға орталық мешіттен ауыз ашар беріледі және уағыз-насихат айтылады», «Экстремизм, терроризм, вахаббистік теріс жол» секілді өзекті мәселелер арқау болған кездесулерде де қатысқан қауым мол мағлұмат алды.
Алматыдан келген ақпараттық-насихат тобының мүшелері сапарларының соңғы күнінде өңірдегі қала, аудан, ауыл имамдарымен семинар өткізді. Мұнда да көрнекті дін қайраткерлері тебірене сөз сөйлеп, дін жолында жүрген азаматтарға «Теріс ағымдармен күресу жолдары» тақырыбында күнделікті қызметтерінде пайдасын тигізер әңгіме қозғады.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша баспасөз қызметі