Биыл да жоғары деңгейде өтті
Мұсылман қауымының парасат ордасына айналған облыстық Марал ишан мешітінде сол қасиетті жұма күні ерекше есте қалатындай өтті. Өйткені, алдын-ала хабарланғандықтан Ислам дінін қастер тұтатын жергілікті ағайындар киелі орынға дәл түс әлетінде жан жақтан судай ағылды.
Бір айта кетерлік жай оның алдында суытып тұрған қыстың ызғары да басылып төбемізден күн шуағын төгіп, жадырып тұрды. Үлкенді-кішілі қауым бір-біріне : «Мәуліт мерекесі құтты болсын!» десіп ең ізгі тілектерін білдіріп, жылы амандасып жатты. Бұл да болса, ағайындарымыздың мейрамның мәнің дұрыс түсініп, адамгершілікке, кісілікке айрықша мән беріп келе жатқандығын көрсетеді.
Мешіттегі салтанатты мерекені облыстың бас имамы Асылхан қажы Түсіпбек ашып, бас қосудың жайына кеңінен тоқталды. Содан кейін сөз құрметті қонақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының дін істері бөлімінің меңгерушісі Камалжан қажы Тұрдыбаевқа берілді.
Дін саласында айтарлықтай еңбек сіңіріп келе жатқан және жоғарыда аталған мешітке үнемі жанашырлық танытып, ақыл -кеңес беруден жалықпайтын білімді азаматтың айтары да мол екен. Сондықтан оның тағылымды уағызы мен ой-пікірлерін Қостанайлық қалың жұртшылық барынша ұйып тыңдады.
Ол алдымен барша жерлестерімізді ұлы пайғамбарымыздың туған күні яғни, Мәуліт мейрамымен шын жүректен құттықтап, әрбір отбасына бақыт, шадыман-шаттық, молшылық әрі ізгілік тіледі. Оның ғибратты пайымдаулары жұма намазына жиналған бауырларымызға қай жағынан болсын берері мол болды.
Камалжан қажы осы мерекеде өзінің салиқалы да салмақты мінезімен, терең білімімен қай ортаны болсын бірден баурап алатындығын танытты. Оның Мәуліт мерекесінің мәнісі -пайғамбарымызды көпшілікке кеңінен таныту, хадистері және өсеттері арқылы кейінгі өсіп келе жатқан жастарымызды имандылыққа шақыру екендігі жөніндегі тұжырымдары да жиналғандардың есінде қалғандығы даусыз.
Көпшілік қауымды шешендігімен айрандай ұйытқан ҚМДБ-ның дін істер бөлімінің меңгерушісі жалпы Мәуліттің тарихына, ұлы пайғамбарымыздың аса мағыналы ғұмырына шолу жасап, мұсылман ағайындарға тың деректер мен дәйектерді мысалға келтірді. Мұхаммед пайғамбарымызды жан-жақты ұғынып, ұрпақтарымыздың санасына сіңіру үшін ол туралы кітаптарды, жырларды көп оқу қажеттігін айтты.
Шынында да Қостанайда Мәуліт мерекесі жылда жоғары деңгейде өткізіліп келеді. Бұл жолы да облыстың бас имамы Асылхан қажы Түсіпбек бастаған барша мешіт қызметкерлері айтулы оқиғаға жан-жақты дайындалды. Ол мейрамды өткізу барысында айқын байқалды.
Осынау жұма күнгі басқосуда Алматыдан келген қонақты айтпағанның өзінде, есімдері елге танымал, бүкіл өмірлерін елімізге адал етуге арнаған қажылар, облыс орталығына жақын қалалар мен аудандардың бас имамдары да қатысты. Сондай-ақ имандылықты пір тұтқан жамағаттар да басқосудың салтанатын арттыра түсті.
Бірқатар қалалар мен аудандардың имамдары аталмыш мерекеге орай Мәуліт салауаттарын оқыды. Сөйтіп олар да өздерінің тұрақты ізденіс үстінде екендіктерін жерлестеріне дәлелдеді. Онда негізінен ұлы Мұхаммед пайғамбарымыздың мағыналы да өнегелі өмірі арқау болды.
Осы мерекенің басы -қасында жүрген қостанай өңірінің аса сыйлы азаматы ҚМДБ-ның жанындағы «Зекет қорының» өңірдегі өкілі және қажылар қауымдастығы облыстағы филиалының төрағасы Жақсылық қажы Ғайсинді әңгімеге тартқанымызда, ол былай деді:
- Біздің қостанайлық бауырларымыз да бұл мерекені асыға күтеді. Сондықтан облыстық мешіт ұжымының бастамасымен қолға алынған бұл басқосу үстіміздегі жылы да есте қаларлықтай өтті. Шынымды айтсам, биыл да мешітке жастардың көптеп жиналуы өзімді тәнті етті.
Тәуелсіздіктің арқасында өмірімізге батыл енген бұл мейрам кімді болсын парасаттылыққа, білімділікке, үлкен мен кішіні сыйлауға, көркем мінез адам баласының бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі екендігіне шақырып отыр.
Мен қазіргі таңда облыс аудандары мен қалаларында ұлы Мұхаммед пайғамбарымыз бен Мәуліт мерекесін білмейтін кісі жоқ деп ойлаймын. Өйткені,барлық мешіттерде осындай танымдық кештер мен мерекелер ұйымдастыру дәстүрге айналды.
Осынау, мерекенің екінші бөлімі сенбі күні Қостанай шаһарының көркін келтіріп отырған еңселі әсем ғимарат яғни, Ілияс Омаров атындағы облыстық қазақ драма театырында одан әрі жалғасты.
Бұл өнер ордасының сахнасы да ерекше безендіріліпті. Алдымен, дін қайраткері Сейіт Нұрқанов Құран оқыды. Содан кейін Қостанай облысы әкімдігінің Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Нұрқан Нөгербеков жиналған қауымды Мәуліт мерекесімен құттықтай отырып өңірдегі ислам дінің өркендетуге байланысты және мешіттердегі атқарылған игі істер жөнінде жұртшылықты хабардар етті.
Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының діни істер бөлімінің меңгерушісі Камалжан Тұрдыбаев та қостанайлық ағайындарға мейрамға қатысты ең ізгі лебіздерін білдірді. Ол Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы мен найб мүфти Серік қажы Ораздың жерлестерімізге деген ең ыстық сәлемін жеткізді.
Сондай-ақ облыстың бас имамы Асылхан қажы Түсіпбек көпшілікке осы мереке қарсаңында облыс орталығындағы үш жоғары орны мен Марал ишан мешіттінің ұйытқы болуымен спорттың бірнеше түрінен жарыстар өткізілгендігін тілге тиек етті.
Басқосуда осы жарыстың жеңімпаздарына арнайы диплом мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Шығармашылық бәйге жүлдегерлері де марапатталды.
Осы аталғандармен қатар, мереке құрметіне Қостанай шаһарындағы күн көрісі төмен отбасылары мен көмекке мұқтаж жандарға екі тонна ұн және басқа да қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды.
Мәуліт мерекесіне арналған жиында шырайлы Шымкент қаласынан келген «Асыл мұра» өнер орталығының әртістері тәрбиелік-тағылымдық жағы мол қойылымдарды жұртшылыққа ұсынды.
Ұзын сөздің қысқасы, биыл да ұлы пайғамбарымыздың туған күні яғни Мәуліт мейрамы Қостанайда жоғары деңгейде өткізілді.
Облыстық мешіт