Жақында облыстық Марал ишан мешітінде қалыптасқан дәстүр бойынша кезекті басқосу болып өтті.Оған өңірдегі аудандар мен қалалардың бас имамдары қатысты.
Осынау тағылымы мол жиналысқа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл және облыстық мешіттің бас имамы Асылхан қажы Түсіпбек төрағалық етті.
Басқосуда имамдардың алдында тұрған келелі міндеттер әңгіме арқауына айналды. Асылхан қажы өзіне тән шешендікпен әріптестеріне уақытты оздырмай шұғыл қолға алынуға тиіс мәселелерге жан-жақты тоқталды.
Мұнда барлық аудандар мен қалалардан арнайы жіберілген апталық есептерге баға беріліп, игі істер аталып өтілді. Сондай-ақ, облыстағы мешіттердің имамдары имандылыққа үндейтін республикалық „Ислам және өркениет„ газеті мен "Иман" журналына және жергілікті мерзімдік басылымдарға жазылу науқаны кезінде ұйымшылдық танытуға шақырды.
Сонымен қатар өңірдегі бүкіл мешіттердің ғимараттарының қыр астында тұрған қысқа дайындық барысы да сөз болды. Мұнда ешкімге немқұрайдылық пен жайбасарлыққа жол беруге болмайтындығы ескертілді.
Баршаға мәлім, облыстық мешіт жанында "Зекет" қорының өкілдігі жұмыс істейді. Мұнда абыз ақсақал Жақсылық қажы Ғайсин жетекшілік етеді. Ол кісінің ұйытқы болуымен қорға түскен ақшалар қайырымдылық мақсатқа жұмсалып жатыр. Сол себептен де бұл маңызды мәселеде де дін қайраткерлері де іскерлік әрі белсенділік танытулары қажеттігі айтылды.
Облыстың бас имамы барлық мешіттерге сайттың жұмысын барынша жандандыру керектігіне де тоқталып, дін қайраткерлері де бұл өзекті жайда да ширақтық, біліктілік көрсетулері керектігі жөнінде өз ойын ортаға салды.
Басқосудан кейін Бахрейннен әкелінген қасиетті Құран таратылды. Аудандар мен қалалардан келген имамдар бұл кезекті отырыстан үлкен әсер алды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі