Қарасу ауданына қарасты "Қарамырза" мешітінің жұмысы жыл өткен сайын жақсарып келеді. Бұл жерде біраз уақыттан бері өз саласын жетік білетін дін қайраткері, рухани жан дүниесі бай бауырымыз Серік Салих бас имам болып қызмет атқарады.
Ол таяуда бізге көпке өнеге боларлық жағымды жаңалықты жеткізді. Оның айтуына қарағанда, жуырда аталмыш ауданның Шолақаша ауылының тұрғыны, құрылысшы, орыс ұлтының өкілі Владимир Шудегов өз еркі бойынша мешітке келіп, Ислам дінін қабылдады.
Осынау діннің адам баласы үшін алатын ерекше орнын жете түсінгендіктен болар, 35 жасар азамат бұл күндері күніне бес уақыт намаз оқуды да жалғастыруда. Әрине, оның бұл қадамы баршаға өнеге.
Мешітіміз бұл күндері нағыз имандылық ордасына айналды. Бізге демеушілік жасап жүрген кісілер де баршылық. Сондықтан оларға деген алғысымыз шексіз. Жүрегі жомарт ағайындарға алдағы уақытта да "Алланың нұры жауа берсің"деген ең ізгі тілегімді білдіргім келеді, - дейді бас имам Серік Салих бізбен болған әңгімесінде.
О.Жабайтегі