Тағылым
Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда
Облыстық дін тақырыбына арналған ақындар айтысы мен мүшәйрасынан
Баршаға мәлім, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Маямеров үстіміздегі жылды „Дін және дәстүр жылы„ деп жариялағаны белгілі. Бұл бастама қостанайлықтардың тарапынан да үлкен қолдау тапты.
Жуырда ғана облыстық Марал ишан мешіті, Қазақстан қажылар қауымдастығының өңірдегі филиалы және „Зекет„ қорының осындағы өкілдігінің тікелей ұйымдастыруымен кейінгі жастарға танымдық-тағылымдық жағы мол үлкен мәдени шара болып өтті.
Бұл Ілияс Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының концерт залында өткен марқұм, белгілі журналист Еренғайып қожа Әбдіхалықұлы атындағы облыстық ақындар айтысы мен мүшәйра еді.
Аталған шараның өтуіне „Нұр-Қазақстан„ қажылық компаниясының президенті Амангелді Еренғайыпұлы тікелей демеушілік етті. Театрдың концерт залына мұсылман қауымы көп жиналды. Салтанатты Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, көрнекті ақын Ақылбек Шаяхмет ашып, құрметті қонақтармен таныстырды.
Алғашқы сөзді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Асылхан қажы Түсіпбек алып, ол өңірде де Ислам дінін өркендетуге байланысты атқарылып жатқан игі жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті. Осы басқосудың мәні мен мазмұны жайлы айтты.
Дініміздің ел бірлігі мен татулығын нығайтуда да алатын орны жайлы да тілге тиек етті. Ұйымдастырушылардың ұсыныс-тілегін „Нұр-Қазақстан„ қажылық компаниясының басшысы Амангелді Әбдіхалық бірден қолдап, бүгін өзі де арнайы келіп отырғандығын баяндады.
Содан кейін Қазақстан қажылар қауымдастығының Қостанай облысындағы филиалының төрағасы, қадірменді ақсақал Жақсылық Ғайсин айтулы қаламгер, кезінде Амангелді аудандық газетінің бас редакторы болып ұзақ жылдар бойы жемісті қызмет атқарған Еренғайып Әбдіхалықұлының азаматтық қырлары мен қайраткерлігіне, артында қалдырған бай рухани мұрасына тоқталды.
Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, „Құрметті қажы„ алтын медалінің иегері Жолбарыс қажы Баязид Еренғайып ағамызға арнау өлеңін көпшілік алдында оқып берді.
Әділқазылар алқасына елімізге кеңінен танымал қаламгер Ақылбек Шаяхмет төрағалық етті. Оның құрамында Социалистік Еңбек Ері Кәмшат қажы Дөненбаева, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова, көпшілікке есімі белгілі, Қазақстанның Жазушылар Одағының мүшесі Нағашыбай Мұқатов, дарынды айтыс ақыны Айбек Қалиев және басқа да азаматтар болды.
Айтыс пен мүшәйраға негізінен дін және дәстүр тақырыбы арқау болды. Оған бес жұп айтыс ақындары және бірнеше жазба ақындары қатысып, өздерінің бақтарын сынады.
Айтыс десе делебесі қозбайтын қазақ бар ма? Залға жиналған жұртшылық айтыс ақындары шыққан кездері оларға деген ризашылықтарын қайта-қайта қол шапалақтауларымен білдіріп отырды.
„Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар„ демекші, айтыс барысында бірінші орынды Батырлан Сағынтай, екінші орынды Мамай Ізтілеу, үшінші орынды Бағила Балмышевалар иеленді.
Ал жыр мүшәйрасында бірінші, екінші және үшінші орындарды Әскерхан Ақтай, Асылан Қанғожин және Байбатыр Ахметбектер жеңіп алды. Сондай-ақ Абай Қажи, Нұрболат Мешітбаев және Абылай Маудановтар да өздерінің тынымсыз ізденісте екендіктерін танытты.
Осы басқосу барысында мен аталмыш ақындар айтысы мен мүшәйраға қолдау көрсеткен „Нұр-Қазақстан„ қажылық компаниясының президенті Амангелді Еренғайыпұлын да әңгімеге тартқанымда ол:
- Бүгінгі кешті ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Бұл орайда облыстық Марал ишан мешітінің бас имамы Асылхан қажы Түсіпбекке, Қазақстан қажылар қауымдастығы облыстық филиалының төрағасы Жақсылық Ғайсинге және басқа да белсене атсалысқан бауырларымызға тек Алланың нұры жауа берсін! - деді. Осы айтыс пен мүшәйраға тәнті болған жерлестеріміздің арасынан Ұзынкөл ауданының бас имамы Есенгелді қажы Әжімахантегіден өзінің пікірін білдіруін сұрағанымызда былай деді:
- Бас мүфти үстіміздегі жылды „Дін және дәстүр жылы„ деп жариялағаны көпшілікке аян. Бүгін де ол қостанайлықтардың тарапанын қолдау тауып, жерлестеріміз үлкен рухани ләззатқа бөленді. Облыстық Марал ишан мешіті және басқа да ұйымдастырушылар шараға жан-жақты әзірлік жасағаны көрініп тұр. Кеш барысында облысқа белгілі өнер жұлдыздары Талғат Молдағалиев, Азамат Мұқатов, Түлкібек Рысмағамбетовтер асқақтата ән шырқап, басқосудың ажарын аша түсті.
Байқаудың соңында өнер ордасының киелі сахнасына Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, әділқазылар алқасының төрағасы Ақылбек Шаяхмет, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркеновалар көтеріліп, жеңімпаздар мен таланттарымен дараланған жүйріктерге ақшалай сыйлықтар мен дипломдарды табыс етті. Осынау басқосуға республикалық „Иман„ журналының бас редакторы, Қазақстанның құрметті журналисі Оңғар қажы Өмірбек және басқа да бірқатар азаматтар қонақ ретінде қатысты.
Сонымен қатар өнер додасына демеушілік еткен Амангелді Әбдіхалық ғұмырлары бүкіл қазақ елі жұртшылығына өнеге Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаева, Жақсылық Ғайсин және қадірменді ақсақалға „Нұр-Қазақстан„ қажылық компаниясы тағайындаған „Құрметті қажы„ алтын медалін салтанатты түрде тапсырды.
Қысқасы, бұл ғибраттық жағы өте мол әрі ұмытылмас кеш болды. Жиналған жұртшылықтың жүздерінен ұйымдастырушыларға деген шынайы ризашылық айқын сезілді. Оразалы Жақсанов