Қалың жұртшылық алдын ала хабарландырылғандықтан және мұсылман бауырларымыздың Ислам дініне деген ерекше бетбұрысынан да болар, облыстық мешітке таңертеңнен бастап келушілер көп болды.
Айт намазында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек қажы Тәжімбет Ораза айттың ерекшелігі жөнінде жан-жақты тілге тиек етті.
Сондай-ақ аруақтарға бағышталып Құран оқылды. Содан кейін жиналған қауымға мешіттің алдындағы арнайы дайындалған орында айттың құрметіне дастархан жайылды.
Сондай-ақ алдағы бұқаралық ақпарат қызметкерлері күніне байланысты бірқатар әріптестерімізге ізгілік тілеп, оларға сый — сияпат көрсетті.
Көпшілік қауымға есімдері өңірге танымал өнерпаздар домбырамен терме орындап, күмбірлете күй шертті. Бұл басқосуды елімізге кеңінен танымал журналист әрі талантты әнші Қыдырбек Қиысхан жүргізді.
Көпшілік атынан өңірімізге аса танымал абыз ақсақал Мырзағали қажы Ғабдуллин өкіл имамға және биылғы Оразаның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан және бір ай бойы ауызашарды ұйымдастырған ағайындарға шын жүректен шыққан шынайы алғысын білдірді.
Сондай-ақ 93 жасар Сейтжан ақсақал мен өмірдің талай асуларынан өткен ақ жаулықты Күлімжан ана ақ батасын берді.
Шара соңында «Зекет» қоры атынан 30 отбасына күнделікті тұтынатын азық-түлік салынған пакет мұқтаж жандарға таратылды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің баспасөз қызметі