Қостанай облыстық мешітінің ұйымдастыруымен „Қазақстан-Қостанай„ телеарнасының баспасөз клубында алдағы Рамазан айына байланысты брифинг болып өтті.
Онда алғашқы сөз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шариғат және пәтуа бөлімінің бас маманы Сансызбай Шоқановқа берілді. Мәртебелі дін қайраткері Оразаның жай-жапсарына кеңінен тоқталды.
Ол Рамазан рухани айы екендігін тілге тиек етіп, оның денсаулыққа, адамгершілікке тікелей тигізетін ықпалы мен пайдалы жақтарын баяндап, Ораза ұстаған жанды ұстамдылыққа, ізгілікке тәрбиелейтін тұстарында баса айтты.
Сонымен қатар адам бойындағы жаман қылықтар мен әдеттерден аулақ болуға шақыратындығын еске салды. Ораза бойы жетім-жесір, кембағал жандарға қолдан келгенше қайырымдылық пен мейірімділік таныту сауапты іс болатындығын да жасырмады.
Сансызбай Құрбанұлынан кейін облыстық мешіттің наиб имамы Сейіт Нұрқанов Рамазан айының ерекшеліктері, талаптары және ұстанымдарын мәжіліске қатысушыларға орыс тілінде жеткізді.
Осы басқосуды облыстық мешіттің бас имамы Бахытбек Тәжімбет қорытындылай келіп, өткен жылы өңірде бір ай бойы іскер және қалталы азаматтардың қолдауымен облыстағы 37 мешіттің аумағында ауызашар ұйымдастырылғанын, биыл да осы игі дәстүр жалғасын табатындығын тілге тиек етті.
Сондай-ақ баспасөз мәжілісінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төралқа жиналысында биылғы Ораза кезінде берілетін пітір садақаның көлемі әр адамға шаққанда 300 теңгені құрайтындығы да айтылды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі