Қостанай облысының шалғайда жатқан Науырзым ауданында да өзгелерге өнеге боларлық игі істер жүзеге асырылып, көпшілік тарапынан қолдау табуда.
Осы арада сөзіміз жалаң болмас үшін нақты мысалдарға жүгіне кетелік. Жақында аудандағы ақпараттық - насихаттық тобының мүшелері бірқатар игі шараларды жүзеге асырды.
Мәселен, аудандық Түркебай мешітінің Бас имамы Н. Сыздықов, аудандық әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің әдіскері Д. Тасанова және Жастар ресурстық орталығының директоры Г. Ерболұлы осы өңірдегі Өленді ауылының орта мектебінде болды.
Жұртшылық алдында беделді азаматтар білім ордасында «Иманды ұрпақ-жарқын болашақ» деп аталатын тақырыпта кездесу өткізді. Оған мектеп ұстаздары мен оқушылары, жас мамандар қатысты.
Мұндағы тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған Мәуліт мерекесі де тиісті деңгейде өткізілді. Онда ауданның бас имамы Нұрлан қажы Сейілханұлы сөз сөйлеп, барлық жиналған қауымға аталмыш басқосудың мәні мен мақсатын түсіндіріп, жерлестеріне ізгілік пен молшылық тіледі.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі