Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Қостанай облысы «Марал ишан» мешітінің жастар ісі бойынша өкілі Ғұмар Жұмағұлов бірқатар жастармен бірге облыстық балалар үйіне ат басын тіреді.
Әдетте мұндай жасөспірімдерді ізгілікке, адамгершілікке, инабаттылыққа тәрбиелеп жатқан орындарға азық-түлік табыс етіліп, ақшалай, заттай сыйлықтар тарту етілетіндігі белгілі.
Бұл жолы жоғарыда аталған жастар тәрбиеленушілерге рухани азық сыйлап, оларды ерекше қуанышқа бөледі. Онда концерт бағдарламасы барысында күй шертіліп, әсем ән орындалды.
Сондай-ақ балалардың жүрек қылын шертіп, жан-дүниелерін байытатын тағылымды ойындар көрсетті.
Осы көріністерді тамашалаған балалар ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрімізге ерекше ден қойып, ұлттық аспабымыз киелі домбыраны үйренуге ынталы екендіктерін білдірді.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі