Арқалық қаласында мәуліт мерекесі өткен жылдың желтоқсан айында бастау алған болатынды. Шаһардағы және оған қарайтын ауылдық мешіттерде шәкірттер мәуліт қасидаларын оқып, салауаттар айтты.
Ал үстіміздегі жылдың 8 қаңтарынан бастап, спорттық сайыстардың апталығы да қолға алынды. Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешіті мен шаһардағы спорт бөлімінің басшысы Айтжан Маликовтың ұйымдастыруымен спорттық сайыстар да өткізілді. Мұндағы мекемелер мен ұжымдар арасындағы волейболдан, үстел теннисінен және гір көтеруден сайыстар жұртшылықтың көңілінен шықты.
Осынау жарыстың арнайы ашылу салтанаты «Жігер» стадионында өтті. Онда қала әкімінің орынбасары Қайрат Әбішов мерекеге жиналған қауымды құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ал мешіт имамы Бектұрсын Торғайбайұлы тағылымы мол мейрамның мән-маңызына тоқталып, спорт сүйер жұртшылыққа жүректен шыққан шынайы лебізін білдірді.
Өткен сәрсенбі күні «Жас-Ұлан балалар және жасөспірімдер орталығында» «Адамзаттың абзалы» атты рухани кеш жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Бұл басқосуда алдымен қалалық мешіттің шәкірті, Астана қарилар курсының тәлімгері Дінмұхамед Саулетұлы қасиетті құран аяттарын оқыды.
Ғибратты жиында ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкіл имамы Бахытбек Нұрғабылұлы сөз сөйлеп, барша қала тұрғындары мен қонақтарды үлкен мерекемен құттықтады. Сонымен қатар мәуліттің мән-мағынасын түсіндіріп, пайғамбарымыздың өнегесі жайлы уағыз айтты.
Өкіл имам осы қаладағы дінімізге жанашылық танытып, демеушілік көрсетіп жүрген мекеме мен ұйым басшыларына алғыс хат тапсырды.
Олардың қатарында Арқалық қалалық мешітіне автокөлікті сыйға тартқан «Алюминстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Абай Құспанұлы, осынау киелі орынға бейне бақылау қондырғысын орнатқан «Агро интерптица» ұжымының жетекшісі Камиль Рашидұлы және мерекелік дастарханға демеуші болған Мираш қажы Тәшетұлы секілді іскер азаматтар бар.
Берері мол кеште қала әкімі Амантай Кәкімбекұлының шынайы лебізінде жиналған көпшілік ұйып тыңдап, келген қонақтарға ризашылығын білдірді.
Содан кейін «Шүкіршілік» атты сахналық қойылым көрсетілді. Театр әртістері рөлдерін шеберлікпен орындағаны соншалықты, көрермендер тіпті көздеріне жас алды.
Бұл тәрбиелік мәні зор кешті танымал ақын ақын Тоба Өтепбаев жүргізіп, жамағатқа ой салар жыр жолдарын арнады.
Мектеп оқушылары мен мәдениет бөлімінің өнерпаздары иләһи әндерді нақышына келтіре шырқап, күмбірлете күй шертті.
Жалпы, арнайы ұйымдастырылған рухани кешке қала жұртшылығы көп жиналды. Олар басқосудан ұмытылмас әсер алып, жандүниелерін рухани жағынан байытты.
Жиынның соңында Арқалық қаласы «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің имамы Бектұрсын Торғайбайұлы мәуліт мерекесін өткізуге атсалысқан жанашыр азаматтар мен спорттық ойындардың жеңімпаздарын марапаттады.
Сол күні мәуліт мейрамының құрметіне „Сайора„ шатханасында дастархан жайылып, қайырымдылық асы берілді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі