Қостанай қалалық мешіті бой көтергелі асыл дініміздің айнасы болып, талай шаруаларды тыңдырып үлгерді. Қайырлы істегі қарқындары басылмай, мұсылмандардың басын қосып, игі іс-шаралар легін үзбей келеді. Алла үйінің бас имамы Шоқан қажы әр буынның көңілін тауып, мешітке келушілердің қатарын арттыруға барынша күш салуда. «Мешіттегі жамағат санын көп болуы емес, жүректерге иман ұяласа екен» дейді Шоқан қажы.
Күндердің ұлысы болған жұма күнінің намазын оқып, ақсақалдың батасын алып, қостанайлық мұсылмандар мешіт әзірлеген астан ауыз тиді. Түскі ас уақытына орайластырылған дастарқан көпшілік көңілінен шықты. Дастарқан деуге келмейтін болар, бірақ таратылған тамақтың маңызы зор. Бір қазаннан ас ішкен әр ұлттың басын біріктіріп, ауызбіршілікке шақырады.
-Жұмадан қалмауға тырысамын. Достарымды да шақырып жүрмін. Игі бастама әрі жалғасын тапса екен деймін. Қаладағы қалталы азаматтар ұйымдастырып, мешітке көмегін беріп жатыр. Үлкен сауапты дүние. Қолынан келгенше мешітке келіуге шақырамын бәрін,-дейді мешіттің жанашыры Қайрат Бекболат.Әр жұма сайын осындай шара өткізуге бел буған мешіт ұжымы мұнымен тоқтап қалмауға тырысады. Барлық мерекелер мен айтулы күндерде белсенділік танытып жүрген қалалық мешіт, келем деуші жұртшылыққа құшағы ашық екенін айтады.
Кенже ҚОНЫСБАЙ
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ