Қасиетті Рамазан айында Рудный қаласының №15 орта мектебінің оқушылары қалалық «Рудный қаласының Нұр» мешітіне келіп, мешіттің көркі мен сәулетіне тәнті болды. Сонымен қатар оларға Бас имам Азамат Серікбайұлы уағыз-насихат айтып, Ислам діні туралы және Алланың үйі болып табылатын мешіттің сәулеті жайында баяндап берді.
Сондай-ақ Рудный балалар көркемөнер мектебінің де шәкірттері мешітке жиналып, ішін аралап, арнайы қойылған жердігерлермен танысып, оның келбетін тамашалап кескіндеді.
Мешіт ұжымы осы жиналған балалардың арасында «Ең адемі салынған мешіт» атты сайыс ұйымдастырып, жас суретшілердің ішінде мешіттің суретін түрлі бояулармен әсемдеп салғандарына арнайы сый-сияпат жасады. Осылайша жас буын мешіттің қандай жер екенін біліп, дініміздің адамды тек жақсылыққа ғана үндейтінін түсініп, жүректерінде мешітке деген жылу ұялады.
Пайғамбарымыз с.а.с «Балаға мейір танытпаған, Алланың мейірінен құр қалады» деп балаларды сүйюге, оларға әрдайым мейірім көрсетуге үндеген. Әрине бұл сөзден де үлкен тәлім алуға болады.
«Баланың өскен бесігі — кең дүниенің есігі» деп қазақ халқы бекер айтпағаны белгілі. Елімізде жас ұрпақтың бойында имандылық пен тәлімді тәрбие қалыптастыру мақсатында мешіттерде көптеген өнегелі шаралар жүзеге асырылуда.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі