Жүрегі жомарт қазақ қызы
немесе жеке кәсіпкер Ботагөз Ғалиеваның қайырымдылық істері хақында
Ислам діні мен ата-баба дәстүр-салтымызда жетімге қол ұшын беріп, көмекке мұқтаж жандарға қайырымдылық көрсету сауапты іс. Әрине, мұны түсініп, халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген жандар біздің өңірімізде де баршылық.
Біз бүгін осындай ұлтымыздың жүрегі жомарт аяулы қыздарының бірі жайлы әңгімелегелі отырмыз. Баршаға мәлім, Наурызым ауданының орталығында «Түркебай» мешіт жұмыс істеп, жергілікті жұртшылықты имандылыққа ұйытып келеді.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысың» демекші, кәсіпкер Ботагөз Ғалиева өте мейірбан жан. Оның дүкені, асханасы жергілікті Қараменді ауылының жұртшылығына қызмет көрсетеді.
Қайырымдылықты адамгершіліктің жарқын бір үлгісі деп түсінетін бауырымыз осындағы жетім-жесір, тұрмысы төмен отбасыларына да қамқорлық жасауда.
Мәселен, былтыр ол аудандық мешітке плазма теледидарын сыйға тартып, көп бағдарламалы «ОтауТВ» жүйесін қосып берген-ді. Күллі мұсылмандардың алғысына бөленген ардақты жан үстіміздегі жылдың ақпан айынан бастап, мешіт арқылы әр жұма сайын 50 бөлке ыстық нанды он отбасына тұрақты таратып, көпшіліктің батасын алуда.
Ботагөз Ғалиеваның өнегелі ісі барша қазақ қыздарына ғибрат. Оған әрдайым Алланың нұры жауа берсін деген ең ізгі тілегімізді білдіреміз.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызмет