Жуырда Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінде «Жүректен жүрекке» атты қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Аталмыш шараның өз деңгейінде өтуіне мешіттің сауат ашу курсының әйелдер тобы атсалысты.
Курс шәкірттері ұстаздары Диана Альтанованың басшылығымен қолдан жасалған тағамдарын дайындады. Олардың әзірлеген бауырсақ, ыстық тоқаштар, құрт, жент және басқа да тағамдар жұртшылықтың назарын аударды.
Осы мешіттің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы өз сөзінде мұндай қайырымдылық жәрмеңкесі мешітте алғаш рет ұйымдастырылғандығын айта келіп, оны өткізудегі негізгі мақсатына жан-жақты тоқталды.
Қолдан келсе мүмкіндігі бар адамдар мұқтаж кісілерге қол ұшын беру, оларды қолтығынан демеу дінімізде ерекше сауап болып табылатындығын әңгімеледі.
Сондықтан бас имам мешіттегі қыз балалар тобының ұстазы Диана Қайырбекқызының осындай тың ұсынысын дер кезінде қолдады. Бұл жәрмеңкеден түскен қаражат қаламыздағы әлеуметтік күн-көрісі төмен отбасыларға берілмек.
Осындай бастамалар қай жерде де жалғасын тауып жатса нұр үстіне нұр емес пе?
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі