немесе Тәуелсіздік күніне арналған тағылымдық кештің ғибраты
Тәуелсіздік мерекесі қазақ үшін ерекше. Өйткені, ғасырлар бойы ата-бабаларымыз армандаған бақытты күндерге қол жеткіздік. Егеменді ел атанған соң барлық алпауыт мемлекеттердің өзі бізді мойындады. Тіпті, бізден үлгі-өнеге алатын дәрежеге жеттік.
Міне, осындай халқымыздың өмірінде айрықша орын алатын мерекенің қарсаңында Қостанай облыстық Марал ишан мешітінің бастамасымен облыстық қажылар қауымдастығының, «Зекет» қоры өкілдігінің және Міржақып Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің қолдауымен үлкен кеш болып өтті.
Алдымен осы шараны ұйымдастыруға мұрындық болған КМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілі және облыстық Марал ишан мешітінің Бас имамы Асылхан қажы Мұханбетжанұлы барша жиналған қауымды осынау айтулы мерекемен шын жүректен құттықтады.
Сондай-ақ жастарға дін мен дәстүр және дін және имандылық деген тақырыптарда өзіне тән шеберлікпен уағыз-насихат айтты. Оны осында бас қосқан зиялы қауым мен студент жастар зейін қоя тыңдады.
Осы мейрамға арналған бейнематериалды КМДБ-ның жанындағы «Зекет» қоырының Қостанай облысындағы өкілі Жақсылық қажы Ғайсин жан-жақты таныстырып, тәуелсіздіктің біз үшін маңыздылығы мен мәніне тоқталды.
Қостанай жұртшылығына аса танымал қаламгер, талай республикалық жыр мүшәйралардың жеңімпазы, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры Ақылбек Шаяхметтің тебірене сөйлеген сөздері де жүректерді қозғады.
Қостанай инжинерлік экономикалық университетінің жастар арасындағы жұмыс бөлімінің бастығы Пермяков Анатолий Константинович тәуелсіздік күніне байланысты жұртшылыққа шынайы лебізін білдірді. Жастарға еліміздің тірегі де өздері екендігін жеткізді.
Көптеген айтыс ақындарын дайындап, өзі де айтыс өнерінде ерекше қолтаңбасын қалдырған Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Әлфия Орманшинаның сөзі мен тәуелсіздік күніне арналған жыр толғауы да жиналғандардың есінде қалды.
Денсаулық саласының білікті маманы, облыс орталығындағы неврологиялық интернатының директоры Назима Асанова да өзінің іскерлігімен көзге түскен бауырларымыздың бірі. Оның тебіреніске толы пікірлері де қатысушыларға ой салды.
Мереке тарту-таралғысыз болмайды. Талай қайырымдылық жасап, өзінің биік азаматтығын көрсеткен облыстық мешіттің бас имамы Асылхан қажы Түсіпбектің қолдауымен 19 балаға ақшалай көмек берілді. Сондай-ақ тәрбие мекемесіне 2 кілем тапсырылды. Осы тағылымдық кешті өткізуге демеушілік жасаған университет ректоры Сәбит Есмұратов мырзамен университет ұжымына алғысымызды білдіреміз.
Осынау игі әрі ғибраты мол шараның соңында абыз ақсақалымыз Сайлаубай қажы Молдаш жиналған қауымға ақ батасын берді. Басқосу мемлекеттік Әнұранымызбен аяқталды.
ҚМДБ – ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі