Жуырда Қостанай облысы Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің ұжымы аталған шаһардағы өңірлік ауруханада болып, сырқат жандардың хал-жағдайларын білді.
Дана халқымызда: «Аурудың емі – саудың сәлемі» деген қасиетті сөз бар. Шындығында да тәнін дерт шалып, қиналып жатқан адамның көңілін сұрап бару – оларға үлкен демеу, рухани көмек болатындығы белгілі.
Мұны жете түсінген аталмыш мешіттің қызметкерлері мен дәріс алушы шәкірттер науқас жандардың көңілін сұрап, олардың құлан-таза айығып оралуларына тілектес екендіктерін жеткізді.
Мешіттің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы терапия, хирургия бөлімшелеріне арнайы кіріп, емделіп жатқан жандарға ең ізгі лебізін білдірді.
Сонымен қатар ол сырқат кісілерге имандылыққа шақырар уағыз-насихат сөздерін де білдіріп, оларға өзі басқарып отырған мешіт атынан «Мұсылман сипаты», «Әдептілік» туралы тағылымы мол кітапшаларды және арнайы алынған тәттілерді табыс етті.
Аурухана дәрігерлері мен емделіп жатқан үлкенді-кішілі қауым имандылық жолында жүрген мешіт қызметкерлеріне шын жүректен шыққан ризашылықтары мен алғыстарын білдірді.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі