«Мектепке жол» қайырымдылық акциясына Қостанай ауданы орталығындағы құтхана жыл сайын үлес қосып келеді. Ондағылар былтыр он оқушыға киім-кешек алып берген-ді. Биыл оқу құралдарымен қамтамасыз етуді жөн көріпті. Мешіт көмек көрсеткен он оқушының бесеуі Н.Наушабаев атындағы білім ордасынан, қалған бесеуі мемлекеттік тілде оқытатын Заречный орта мектебінен.
Аудандық Маңдай батыр мешітінің бас имамы Азамат қажы Серікбайұлы бұл көмек мешіт қызметкерлері мен жамағаттың атынан жасалғанын айта келіп, балаларға сыйлықты салтанатты түрде тапсырды.
Өз кезегінде ата-аналар мен балалар имамға алғыстарын жаудырды. Мешіт намазханы Таңатқан ақсақал бата беріп, жаңа оқу жылында оқушыларға сәттілік тіледі.
– Бұл қайырымдылық акциясына атсалысқысы келетін ағайындар аз емес. Оған кәсіпкерлер ғана емес, иманды азаматтар да көмек қолын созуға тырысады. Көп балалы отбасындағы оқушылар ескерусіз қалмайды. Мешіт ұжымына алғысымыз шексіз, – дейді мемлекеттік тілде оқытатын Заречный орта мектебінің әлеуметтік педагогы Сандуғаш Карманова.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызмет