Жастарымызды түрлі теріс ағымдардан сақтандыру қазіргі таңда қоғам болып атқаратын басты міндеттердің бірі. Жуырда осындай мақсатты алға қойған Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Бектұрсын Уәлиев Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының биылғы түлектерімен кездесу өткізді.
Жиынға Қостанай облыстық әкімдігінің діни басқармасының бас маманы Сапарғали Әкімбекұлы, аталған педагогикалық институттың проректоры Гүлвира Айдарханқызы және қалалық ішкі саясат бөлімінің теолог маманы Әсет Бауыржанұлы қатысты.
Ыбырай атамыздың есімі берілген оқу ордасында білім алып, халыққа қызмет көрсететін жастарға имам алдағы өмірлеріне сәттілік тілей отырып, имандылықты әрқашанда биік ұстау қажеттілігін айтты.
Сондай-ақ бас имам биылғы жылдың «Дін және тарих тағылымы» жылы ретінде жарияланғанына да ерекше тоқталды. Оның мәні мен маңызын тілге тиек етті.
Ал, облыстық дін істері жөніндегі басқарманың бас маманы Сапарғали Әкімбекұлы өз сөзінде теріс ағымдардың зияндылығын баяндай келіп, көкейде жүрген көрікті ойларын ортаға салды.
Басқосуда студенттер ойларын сауалдар қойып, оларға нақты жауап алды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі