Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек Нұрғабылұлы осы жауапты қызметке тағайындалғалы бері «Қарты бар елдің қазынасы бар» деген аталы сөзді ұстанып, өңірдегі аға ұрпақ өкілдеріне лайықты құрмет көрсетіп келеді.
Сөзіміз жалаң болмас үшін нақты мысал келтіре кетейік. Үстіміздегі жылғы қарттар күніне орай облыс орталығында тұратын абыз ақсақал, еңбек ардагері әрі бес уақыт намазын қаза етпейтін Сейтжан Алдиярұлы 90 жасқа толған.
Сөйтіп, өмірдің талай асуларынан өтіп, тәуелсіз еліміздің өркендеп, дамуы жолында аянбай еңбек еткен көкірегі шежіреге толы ардагерді осынау мерейтойымен шын жүректен құттықтады.
Бақытбек қажы Нұрғабылұлы ежелден келе жатқан ұлттық салт-дәстүрімізді сақтай отырып, оның иығына шапан жауып, бағалы сыйлықты салтанатты түрде тапсырды.
Облысқа белгілі Сейтжан Алдиярұлы өз кезегінде бас имамға өзіне көрсеткен ілтипаты мен азаматтығы үшін шынайы лебізін білдіріп, ақ батасын берді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің баспасөз қызметі