Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша сейсенбі күні таңертең сағат 7-де облыстық «Марал ишан» мешітіне халық көп жиналды. Олардың қатарында жастардың да болуы жұртшылықты қуантты.
Басқосқан мұсылман қауымның алдында Қостанай қаласының әкімі Базыл Жақыпов сөз сөйлеп, жиналған ағайындарды ораза айт мерекесімен шын жүректен құттықтады. Олардың деніне саулық, отбастарына шадыман-шаттық тіледі.
Содан кейін облыстың бас имамы Бахытбек Тәжімбет ораза айт мейрамының ерекшелігіне тоқталып, жерлестерімізге өзінің ең ізгі тілегін білдірді. Үстіміздегі жылғы қасиетті Рамазан айы өз деңгейінде өткендігін де тілге тиек етті.
Құтпа оқылды. Сондай-ақ өмірден өткен ата-бабаларымыздың әруағына Құран бағышталды.
Жалпы, үстіміздегі жылғы ораза айт намазы бір уақытта өңірдегі барлық 36 мешітте өткізілді.
Биылғы жылдың бір ерекшелігі, мешіттегі айт намазынан соң киелі орынның жанында 350 адамға арналып, айттың құрметіне дастарқан жайылды. Сөйтіп, жиналған ағайындар дәм татып, шынайы алғыстарын жаудырды.
Сонымен қатар облыстық мешіттің жанындағы жастар бөлімі және намазхан әйелдер жамағатының ұйымдастыруымен көп балалы отбасыларға арналған жәрмеңке де үлкенді-кішілі қауымның көңілінен шықты.
Олар осы жәрмеңкеге өз қолдарымен жасалған тағамдары мен түрлі азық-түлік төмен бағамен келушілерге ұсынды. Осы игі істен түскен қаражат жоғарыда тілге тиек еткеніміздей, көмекке мұқтаж отбасыларының қажетіне жұмсалмақ.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі