Қасиетті Рамазан айының 26-нан 27-не қараған түні, Қостанай облысы бойынша 7 жерде қасиетті Құран аяқталып хатым етілді.
Атап айтқанда Қостанай облыстық «Марал ишан», Арқалық, Рудный, Қостанай қалалары мен Әулиекөл, Жітіқара, Қостанай аудандарының мешіттерінде Құран тәмамдалды.
Аталмыш мешіттердің Бас имамдары жиналған жамағатпен хатым дұғасын оқып, еліміз бен халқымызға береке бірлік тіледі.
Бұл түні жиналған жамағатқа Қадір түнінің қасиеті турасында Құран аяттары мен хадистерді негізге ала отырып уағыздар айтылды.
Сондай-ақ, мешітімізде Алланың кәламын оқып, бір айлық сауат ашу курсын бітірген шәкірттерге Бас имам Сейіт Темірбекұлы мақтау қағаздары мен сыйлықтар табыстап, оларға алдағы уақытта ілімдерінің арта түсуін тіледі.
Сонымен қатар, мешітке жиналған жамағатқа сәресі беріліп, құлшылық жасауға жиналған халық таң намазын оқып тарасты.
Мың айдан қайырлы болған Қадір түнінде тілеген дұға тілектеріміз бен жасаған құлшылықтарымызды Алла қабыл етіп, баршамызды осы Қасиетті Рамазан айының шарапаттарына ие болуымызды нәсіп еткей!
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі