Мына дүниеде баланың бақытты болуы мен жүзінен шаттық күлкісін көруден артық не бар дейсіз. Сондықтан да болар Арқалық қалалық „Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің ұжымы демеушілер көмегімен жуырда ғана болып өткен халықаралық балаларды қорғау күніне орай қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырды.
Олар әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасындағы бүлдіршіндерге киім-кешектер мен тәттілер беріп, шаттыққа бөлесе, «Ана мен бала» үйіндегі Жұлдыз есімді жас анаға қол ұшын созып, кішкене бөбегіне қажетті заттар мен киімдерді табыс етті.
Сондай-ақ намазхан Рүстем Асанханұлымен бірге шаһардағы ата-ана құқығынан айырылған сәбилердің көңілін көтеру мақсатында спорттық жабдықтар яғни ойын доптары және басқа да заттарды сыйға тартты.
-Біз жылда балалар мерекесінде әсіресе әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларына шама-шарқымыз келгенше қамқорлық жасауға тырысамыз. Биыл да қасиетті Рамазан айында қайырымдылық көрсетуге ұмтылдық. Балалардың мәз-мәйрам болғанын өз көзімізбен көрдік,- дейді жоғарыда аталған игі істі ұйымдастырушы, Арқалық қаласы мешітінің бас имамы Бектұрсын Уәлиев.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі