Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тұңғыш төрағасы, мүфти Рәтбек қажы Нысанбайұлы ҚМДБ жанындағы имамдардың білімін жетілдіру Ислам институтының имамдарымен кездесті.
Институт директоры Кенжеәлі қажы Мырзабай қәдірменді қонаққа оқу ордасының тыныс-тіршілігімен таныстырды. Институт жұмысымен танысқаннан кейін ұлағатты ұстаз Рәтбек қажы Нысанбайұлы: «Бұл оқу ордасы еліміздің түпкір-түкпірінен келген имамдардың бас қосар үлкен шаңырағы. Сондықтан мұндағы мәселелерге барынша жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Имамдарымыз күнделікті тіршілігіміздегі маңызды нәрселерге жауап бере алатындай білім иесі болуы тиіс. Бір-біріңмен танысып, тәжірибе алмасып, дінді жетік меңгере беріңіздер. Мұның бәрі Алланың берген сыйы деп ұғуымыз керек», – деді.
Институт директоры Кенжеәлі қажы Мырзабай басқаруындағы институттың оқушы имамдарға барлық жағдайдың жасалғанын көріп, еңбегіне ризалығын білдіріп, ісіне береке тілеп, ақ батасын берді.
Қонақтарға халқымыздың ата дәстүріне сай, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының атынан шапан жауып, институт туралы мәлімет беретін кітап, күнтізбелер сыйға берілді.