Қостанай облыстық Марал ишан мешітінің қызметкерлері ҚМДБ-ның имамдар мен ұстаздардың алдына қойған міндеттерін мүлтіксіз орындауға барын салып келеді.
Бұған түрлі ұжымдар мен оқу орындарындағы кездесулер мен жүздесулер жарқын куә. Онда қозғалып жатқан тақырыптар да алуан. Бәрі де бүгінгі уақыт талабынан туындап жатыр.
Асқар Мейрамбекұлы бұл күндері аталмыш мешітте наиб имам болып қызмет атқарады. Жас та болса өзінің іскерлігімен жергілікті халықтың құрметіне бөленіп үлгерді. Оның дінге, имандылыққа байланысты сөздері әрқашан да жұртшылық көңілінен шығып жатады.
Жуырда ғана ол Қостанай облысы дін істер басқармасының өкілі – Сапарғали Әбдиевпен бірге қылмыстық атқару жүйесі комитетінің Қостанай шаһарындағы 161/11 түзету мекемесінде болды.
Онда қос дін қайраткері қоғамымызға жат әдет – экстремизмнің алдын алу жөнінде келелі әңгіме қозғады. Аталмыш мекемеде жазасын өтеп жатқан кісілердің қойған сұрақтарына орай нақты жауап берді.
- Әрбір кездесудің өзіндік мәні бар. Осы түрмедегі болған жүздесуде де көптен көкейде жүрген өзекті жайлар әңгіме арқауына айналды. Болашақта да өзіміздің алдымызға қойған жұмыс жоспары бойынша түрлі ұжымдарда халықпен дидарласып, оларды имандылыққа баулу жолында қыруар істер атқара бермекпіз, - дейді наиб Асқар Мейрамбекұлы.
ҚМДБ – ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі