Апат айтып келмейтіндігі белгілі. Үстіміздегі жылғы су тасқынынан Қарасу, Әулиекөл және Науырзым ауданының бірқатар ауылдары зардап шекті.
Міне, осындай қиын кезде жерлестерімізге қол ұшын берген әрбір азаматтың парызы болып саналады. Сондықтан да, облыстағы қалалар мен аудандардың барлық мешіттері мен «Зекет» қоры зардап шеккен елді мекендерге көмек көрсету мақсатында «Қостанай асары» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.
Акция аясында өңірде 2 млн теңгенің заттары жиналды. Оның ішінде 610 мың теңгесі қаражаттай, қалғандары ең қажетті азық-түлік пен киім-кешектер.
Облыстың бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет және Қажылар қауымдастығы облыстық филиалының төрағасы Жақсылық қажы Ғайсин Қарасу ауданында болып, жиналған заттарды табыс етті. Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, оларға жылы лебіздерін білдірді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі.