«Ауылыңда қартың болса, жазулы тұрған хатпен тең», «Қарты бар елдің қазынасы бар» деп дана халқымыз бекер айтпаса керек. «Аға буын өкілдерін, қазыналы қарттарымызды құрметтеу, бүгінгі ұрпақ яғни біздің басты парызымыз. Қарияларымыздан әрдайым үлгі аламыз және соларға еліктеп өсеміз.
Биылғы Халықаралық Қарттар күні мерекесі қарсаңында Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы, бірқатар мешіт қызметкерлері мен шәкірттер «Қарттарға құрмет-ұрпақ парызы» - деген атаумен шаһардағы жасы ұлғайып, қамқорлыққа мұқтаж жалғызбасты қарттардың үйіне арнайы барып, хал-жағдайларын білді.
Көпшілікке белгілі,қоңыр күз келіп, күн суыта бстады. Сондықтан олардың жайын ойлап, ағаш жарып, қыстық отындарын дайындауға көмектесті.
Сонымен қатар қалалық мешіттің қарт намазхандарына арнайы дастархан жайылды. «Қыздар және әйелдер секторы» ақжаулықты аналарға құрмет көрсетіп, «Қарттарым – асыл қазынам» атты шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырды.
Мұнда иләһи және дәстүрлі ән-жырлар, тағылымды да ғибратты көріністер қойылды. Қатары сирей бастаған қарттарымыз бен ақжаулықты аналарымыз басқосу барысында өздеріне осындай ілтипат көрсеткен мешіт ұжымына алғыстарын жаудырды.
Кездесу соңында шақырылған қонақтарға мешіт атынан бағалы сыйлықтар мен діни кітаптар тарту етілді.
Қарияларды құрметтеу шарасы Арқалық қаласына қарасты мешіті бар ауылдарда да жалғасын тапты.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі