Биылғы Мәуліт мерекесі Қарасу ауданында да мұсылман қауымына есте қаларлықтай өтуде. Мәселен, ол қаңтар айында осы ауданға қарасты Амангелді ауылында, Октябрь кентінде ұйымшылдықпен өтті.
Сондай-ақ қазіргі таңда Қарамырза ауылы мен Қойбағар бекетіндегі ағайындар да оған әзірлік үстінде.
Жуырда аудан орталығындағы балалар өнер мектебінде Мәуліт мерекесі өз денгейінде ұйымдастырылды. Оған ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкіл имамы Асылхан қажы Түсіпбек қатысып, барша ағайындарды осынау ерекше мейраммен шын жүректен құттықтады. Олардың отбасына шадыман-шаттық, бақыт пен ізгілік тіледі.
Сонымен қатар Қостанай шаһарынан, көрші аудандардан, жергілікті жерден көптеген азаматтар қатысып, тағылым алды. Мейрамның тәрбиелік жағына назар аударылып, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында шағын футболдан жарыс та өткізілді.
Ұлттық спортымыз тоғызқұмалақ ойыны да оқушылар арасында жоғары дәрежеде өткізілді. Жиналған қауымға ҚМДБ-ның дайындаған өнегесі мол он минуттық бейне таспасы көрсетілді.
Шақырылған қонақтар мен жұртшылықтың алдында облыс имамы Асылхан қажы Түсіпбектен кейін аудан әкімі Алмабек Шәмшиев және басқа да азаматтар сөз сөйледі. Оқушы балалар діни жырларды оқып, әндерді тамылжыта шырқады. Мың бұрала би биленді. Тәрбиелік жағы есте қаларлықтай сахналық көріністер де жасалды.
Мерекелік кеш соңында мешітке үнемі демеушілік көрсетіп жүрген бірқатар азаматтарға облыс имамы атынан Алғыс хаттар табыс етілді. Қайырымдылық мақсатында көп балалы және күнкөрісі төмен отбасыларға азық-түлік салынған пакеттер берілді.
ҚМДБ – ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі