Он екі айдың сұлтаны атанған берекелі Рамазан айы келіп, мұсылман қауымы зор қуанышқа кенелуде. Шарафатты Рамазан басталғалы барлық жерде ауызашарлар өткізіліп, бес парыздың бірі – оразаның мәртебесі көтерілуде.
ҚМДБ-ның Түркия елімен арадағы келісімі бойынша, елімізге биыл да бірнеше қарилар келген болатын. Сол хафиздардың бірі - Кокен Амре Арқалықтағы «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінде жамағатпен тарауықта қасиетті Құран кәрімді толық хатым жасауда.
Мешіт қызметкерлерінің ұйымдастыруымен жылдағы дәстүр бойынша ауызашарлар жалғасуда. Рамазанның алғашқы күні қала басшылығы, екінші күні қажылар қауымдастығы және үшінші күні «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің барша қызметкерлері ауыз ашар дастарханын жайып, үрдіс жалғасуда.
Аталмыш мешіт бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлының айтуына қарағанда, Рамазанның әр күніне ауызашар өткіземін деп ниет етіп отырған азаматтар аз емес. Ауыз ашар былтырғы жылдары мешіт жанындағы арнайы құрылған шатырларда өтіп келсе, биылғы ауа-райының қолайсыздығына орай мешіт жанындағы «Достар» атты дәмханада берілуде.
Ауызашарларда дін қызметкерлері тарпынан жамағатқа Рамазан айының қасиеті және басқа да тақырыптарда тағылымды уағыздар айтылып, ұлттық дәстүрге сай, ғибратты жыр термелер де орындалуда.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі