Облыстық мешітте жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша еліміздегі «Мектепке жол» акциясы аясында «Мектеп сөмкесі» қайрымдылық шарасы болып өтті.
Оны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек қажы Тәжімбет ашты. Ол өз сөзінде биылғы Құрбан айт мейрамының қарсаңында ұйымдастырылып отырған шараның аса маңыздылығына кеңінен тоқталды.
Үстіміздегі жылы жаңа оқу жылы алдында облыс бойынша мешіттерде 400 ден аса оқушыға мектепке қажетті құрал-жабдықтар және киім-кешек берілді.
Биылғы осынау қайырымдылық шарасының ойдағыдай жүзеге асуына елімізге белгілі «Уақып» қоры, облыстық мешіттің демеушілері, кәсіпкерлер өздерінің лайықты үлесін қосты.
Аталмыш жүздесуде бас имам өздерінің демеушілігімен көзге түскен бірқатар азаматтардың аты-жөндерін атап, оларға шынайы лебіздерін білдірді.
Ерекше қуанышқа бөленген ұл балалардың бірі - Нұрасыл Исламбек бізге былай деді:
-Мен биыл Қостанай шаһарындағы №9 орта мектептің 5 сыныбына барамын. Бүгін бізді мешітте жинап, өздерінің қамқорлығы мен шынайы ықыластарын танытқан өкіл имам Бахытбек Нұрғабылұлына және басқа да демеушілерге шексіз ризамыз.
Бір үйде он баламыз. Маған сөмке тапсырылды. Құрбан айт мерекесі қарсаңында өзімізге құрмет көрсеткен барша азаматтарға Алланың нұры жауа берсін.
ҚМДБ-ның Қостанай облысының өкілдігінің баспасөз қызметі