Жақында Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы республикадағы бірегей діни оқу орны Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінде болды.
Онда Алматы қаласында орналасқан аталмыш білім ордасында жұмыс берушілер және 2024-25 оқу жылының түлектерімен кездесу өтті. Оның негізгі мақсаты – түлектер мен жұмыс берушілер арасында тікелей байланыс орнату, жұмысқа орналасуға арнайы мүмкіндіктер жасау, сонымен қатар оқу орны мен мекемелер арасындағы әріптестікті нығайту.
Бұл жиынға Нұр-Мүбарак университетінің ректоры Ахмед Хусейн Мухаммад Ибрагим, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі Ермек Қасболатұлы, университет проректоры Ершат Ағыбайұлы, Қазақстан Республикасы дін істері комитетінен Айдос Назкенұлы, барлық өңірлерден мемлекеттік және қоғамдық мекемелердің өкілдері, облыстың бас имамдары қатысты.
Кездесу барысында жұмыс беруші ұйымдар түлектерге өз қызмет бағыттарымен таныстырып, бос жұмыс орындары туралы ақпарат берді.
Бір айта кетер жай, биыл Қостанай облысынан бес студент осы оқу орнын тәмамдайды. Бас имам оларға алған терең білімдерін ел игілігіне арнап, өскелең ұрпақты имандылыққа баулуға шақырды. Сондай-ақ, жауапты емтихандағы сынақты сәтті тапсырып, мерейлері үстем болуларына тілектестігін білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі