Жыл сайынғы дәстүр бойынша Қарабалық ауданындағы зәулім «Ғашура Ана» мешітінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі тойланды.
Серік Темірбекұлы бастаған мешіт ұжымы мен жамағаты төл мерекені қазақтың дәстүрлерін сақтай отырып, атап өтті. Жиналған қауымға «Бесікке салу», «Тұсау кесу» рәсімдері көрсетілді.
Тұсау кесу рәсімінде Серік қажы тұсау кесіп, ауыл ақсақалдары ақ батасын жаудырды. Аталмыш дәстүрлерден соң халыққа «Наурыз көже» таратылды. Қазақтың төл өнері насихатталып, домбырамен әуезді әндер мен ғибратты термелерді аудандық мәдениет үйінің қызметкері, мешіт жамағатының мүшесі – Әли Қаныбек нәшіне келтіріп шырқады.
Дін мен дәстүр сабақтасқан бұл іс-шарадан жиналған қауым ұмытылмас әсер алды.