Ене мен келіннің сыйластығы жөнінде
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен 2025 жыл «Ислам және отбасы құндылығы» жылы болып жарияланғаны белгілі. Соны басшылыққа алған Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің ұстазы Аяулым Ермекқызы әйел-қыздар жамағатына "Келін мен ене арасындағы татулық - отбасы берекесі" атты семинар ұйымдастырды.
Өкініштісі сол, соңғы жылдары елімізде ажырасатын отбасылар саны артып келеді. Сондықтан, бұл жиында өзекті мәселені көтеру өте орынды.
Семинардың мақсаты - ене мен келін арасындағы дау мен түсінбеушілікті шешудің жолдары қарастырылып, өмірде көпті көрген әрі инабатты келін жұмсап отырған енелердің тәжірибесімен бөлісу.
Аталмыш басқосу Құранмен басталды. Содан кейін әдепті келіндерін үлгі тұтатын асыл аналар өмірлік бай тәжірибелерімен бөлісті. Жаңадан босағаны аттаған келінмен дұрыс қарым-қатынас жасау жайы айтылды.
Жиналған жамағатқа ұлттық көже мен бауырсақтар, тәттілер таратылды.
Соңында тәрбиелік мәні зор бейнебаян көрсетіліп, қонақтарға дастархан жайылды.
Шоқан қажы Арқалықта болды
Облыс орталығындағы “Жайлаубай ата” мешітінің Бас имамы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы “Қамқор-шарапат” салттық қызмет көрсету орталығының Қостанай облысы бойынша жауапты қызметкері Шоқан Әмірханов Арқалық қаласында болды.
Ол сапар барысында «Мухтасиб Әлмұхаммед” мешітіне ат басын бұрып, имандылық ордасының жаңадан ашылған асханасы мен салттық қызмет көрсету орталығының тыныс- тіршілігімен танысты.
Дін қайраткері ондағы әріптестеріне ақ батасын беріп, халық игілігі жолында адал қызмет ете берулеріне тілектестігін білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі