Қостанай қалалық «Марал ишан» мешітінде Ораза айт намазы оқылды. Онда адам бойындағы асыл қасиеттер - кешірімділік, қамқорлық жайлы уағыз-насихат айтылып, тәуелсіз мемлекетіміздің жарқын болашағы мен қарыштап дамуы үшін дұға жасалды.
Намаздан кейін «Ораза айт-шаттық мерекесі» атты іс-шара өз жалғасын тапты. Мешіт ауласына дастарқан жайылып, келушілерге айт шайы, палау, тәтті жемістер берілді.
«Арқан тартыс, өгіз тартыс» сияқты ұлттық спорттық ойындар да көпшіліктің көңілінен шықты. Ғибратқа толы жыр-термелер, ән-күйлер шырқалды.
Жиналған үлкенді-кішілі қауым ұйымдастырушылар мен Бас имам Бектұрсын Торғайбайұлы бастаған мешіт қызметкерлеріне алғыстарын жеткізді.
Сондай-ақ әлеуметтік жағынан аз қамтылған 20 отбасына азық-түлік салынған қоржындар табыс етілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі