Мамыр айы айтулы оқиғаларға толы екендігі белгілі. Соның ішінде Ұлы Жеңіс күні ерекше орын алады. Өйткені, сонау бір отты жылдары әрбір шаңырақтан Отан үшін от кешкен азаматтар аз болған жоқ. Соғыстан аман-есен оралған аға буын өкілдерінің қатары да жыл өткен сайын сиреп келеді. Жас ұрпақ олардың алдында мәңгілік қарыздар.
Бұл күндері Әулиекөл ауданында Ұлы Отан соғысының үш ардагері - Алдаберген Каскин, Василий Туз және Владимир Приставский ғұмыр кешіп жатыр.
Ұлы Жеңістің 76 жылдығы қарсаңында «Әмит ишан» мешітінің бас имамы Нұрлан қажы Сыздықов пен наибы Әл-Фараби Кенжеғара 95 жастағы Алдаберген Қасқаұлын мерекемен құттықтап, ардагерге сый-сияпат жасады.
Оларға дән риза болған ардақты ақсақал өзінің майдандағы жорық жолдары жайлы әңгімеледі.
Атамыз екінші Белоруссия майданында болып, Белоруссия мен Литваны жаудан азат етуге қатысқан. Польшаға барар жолда Одер өзенін алу кезінде ерлік танытты. Осынау жорықта жарақаттанып, госпитальда емделіп шыққан.
Қайсар азамат Германияның Данциг, Брецлау, Росток қалаларын жаудан азат етуде болған. Соғыс жеңіспен аяқталса да Германияда қызметке қалып, туған жерге 1950 жылы ғана оралған.
Алдаберген Қасқаұлы майдандағы және бейбіт күндердегі көрсеткен ерлігі мен еңбектегі жетістіктері үшін ІІ дәрежелі “Ұлы Отан соғысы” және “Қызыл Жұлдыз” ордендері, “Совет Одағының маршалы Г.К.Жуков”, “Белоруссиядағы жеңіске 60 жыл”, “Украинаны фашистерден азат еткеніне 60 жыл”, “Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 60 жыл”, “Астанаға 10 жыл”, “1941-1945 жылдарғы соғыс ардагері” және басқа да көптеген медальдармен марапатталды.
Көкірегі шежіреге толы атамыз бүгінгі өскелең ұрпақ туған жерінің нағыз патриоты болып қалыптасып, елі мен жерінің нағыз жанашыры әрі қамқоршысы болып өссе деп армандайды.
Қостанай облыстық мешітінің
баспасөз қызметі